Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен оқиғадан зардап шеккен сарбаздарға жиналған қаражат арнайы комиссияның шешімімен бөлінді. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қайғылы оқиғадан зардап шеккен әскери қызметшілер мен қаза тапқандардың жақындарына жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жүргізілген.
Қаржылай қолдауды ұйымдастыру мақсатында еліміздегі ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлер мен меценаттардан түскен қаражатты жинақтайтын «Ұлттық рух» қоры белгіленген. Ал жиналған ақшаның ашық әрі әділ бөлінуін қадағалау үшін арнайы комиссия құрылған.
Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихат өкілдері және қоғам белсенділері енген.
Бекмұрат Жүсіповтің сөзінше, комиссияның қорытындысы бойынша қорға түскен қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлінген. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетін көмек көлемі әділдік пен теңдік қағидаттары негізінде айқындалған. Сонымен қатар оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге де жеке материалдық төлемдер қарастырылған.
Қаржының түсуі мен бөлінуіне қатысты барлық шешім комиссия отырыстарында қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген. Құжаттарды әзірлеу кезінде заң талаптары сақталып, қаражаттың қорға түскен сәтінен бастап алушыларға аударылғанға дейінгі үдеріс бақылауда болған. Бұл жұмысқа қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысқан.
Сонымен бірге комиссия мүшелері әскери қызметшілердің туыстарының өтініштерін және олардың жеке өміріне қатысты мәліметтердің құпиялығын ескерген. Осыған байланысты қаржылай көмектің нақты сомалары мен қаражат алған азаматтардың жеке деректері жарияланбайды.
Бекмұрат Жүсіпов қоғам өкілдерінен марқұмдардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілердің жақындарының бұл өтінішіне түсіністікпен қарауды сұрады.
Оның мәліметінше, арнайы комиссия өз жұмысын аяқтаған. Жиналған қаражат толық бөлініп, қабылданған шешімдер тиісті құжаттармен бекітілген.