Бұған дейін Жетісу облысында 8-сынып оқушысы көз жұмып, сыныптасы ұсталған болатын. Полицияның хабарлауынша, сабақтан кейін оқушылар арасында жанжал болған. Салдарынан біреуі ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілген болатын. Сыныптасының қолынан қаза болған оқушының анасы оқиғаның мән-жайын айтты, деп жазады Alash.kz
Оқиға Сарқан ауданы Алмалы ауылында 6 қазанда болған.
"Сабақ уақытында оқушылар мектептен бір көше төмен түсіп барып, жанжалдасқан. Менің ұлыма пышақ салғанын да түсіріп тұрыпты. Баламның телефонына түсірген. Маған көрсетпеді телефонды полиция алып кетті", - дейді марқұмның анасы Самал Мұхамадиева.
Анасының айтуынша, пышақ жүрек тұсына тиген. Баланы өтіп бара жатқан көлік тоқтап, ауруханаға жеткізген. Ол сол жерде жан тапсырған.
"Баламды дәрігерлердің кесуіне рұқсат бердім. Пышақты екі рет салған. Суырып алып, қайта салған дейді. Күдіктінің туыстары келмеді, келсе де кешірмеймін", - дейді қан жылаған ана.
Оқиғаға қатысты күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.