Шығармашылығын қайта жандандырған танымал әнші Бағлан Әбдірайымов өзін түрлі жиындар мен тойларға ақысыз шақыратын таныстарына ренішін білдіріп, әрбір еңбектің өз құны бар екенін ашып айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Әнші кезінде достарының өтінішін жерде қалдырмай, талай шақырым жерлерге барып тегін қызмет қылғанын еске алды. Алайда уақыт өте келе ол адамдардың тек өз мүддесін ойлағанын түсінгенін жасырмады.
Бұрынғы тәжірибесінен сабақ алған өнер иесі бұдан бұлай тегін өнер көрсетпейтінін ескертіп:
«Жәй ойым ғой. Қайта ән айтып, шығармашылықты қолға алып едім. «Жүрсеңші, бір-екі ән айтып, шашбауымды көтеріп қайтсай» деген ұсыныспен достар шығып жатыр. Баяғыда менсіз түскі ас ішпейтін бауырлар болған. Талай километрді артқа тастап, ауылдарына барып, сахна болса сахна, той болса тойына шығып, қызмет қылып жүретінбіз. Қайда сол балалар? Солардың біреуі жоқ қой. Оқырман жинап алды, танымалдылығын арттырып алды. Кәсіптері өрге домалап кеткен. Сол уақытта біз жай ғана құрал болып қалдық. Сондықтан ондайдан өтіп қойғанбыз. Ақшаңды бер, айналайын, бауырым. Бір-екі ән айтып, шашбауыңды көтере саламыз. Бір әннің өзі кемі 500 мың теңгеге жазылады. Әр нәрсенің бағасы, құны бар», — деп кесіп айтты.
Осылайша Бағлан Әбдірайымов ән жазуға кететін қомақты қаражат пен уақытты алға тартып, елді өнер адамдарының маңдай терін бағалауға шақырды.