Ақтөбеде жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде орын алған дәрігерлік қателік үлкен дауға айналды. Тіс емдеуге барып, ауыр зардап шеккен 37 жастағы Гүлжанат Құлмырзина бірнеше тісінен айырылып, жүйке жүйесі зақымданғандықтан, енді бірнеше күрделі операцияға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақтөбелік тұрғын ЭКО әдісі арқылы ана атануға дайындалып, процедура алдында тістерін ретке келтіру үшін жеке клиникаға жүгінген. Алайда емдеу мен тіс жұлу барысында химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға түскен. Қазіргі таңда оның бірнеше тісі жоқ, жүйке тамырлары зақымданып, беті қисайған. Бұл жағдай оның ана атану жолындағы жоспарына да үлкен қауіп төндіріп отыр.
Бұл оқиғадан кейін жүргізілген ресми тексеру клиника жұмысында дөрекі бұзушылықтардың бар екенін анықтады.
Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы Нұрлыгүл Бисенова:
«Бұл жағдайда пациентке стоматологиялық көмекті кәсіби білімі бар, яғни орта медициналық білімі бар маман көрсеткен. Тіліндегі біліктілігі – дантист. Ал стандартқа сәйкес, бұл деңгейде көмекті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс», — деп мәлімдеді.
Бұдан бөлек, пациентте күрделі кариес болғаны анықталды. Арнайы комиссия шешімімен орта білікті дантистке айыппұл салынып, клиникаға оны қызметінен шеттету тапсырылды.
Клиника үстінен арыз жазып, сотқа талап-арыз түсірген Гүлжанат Құлмырзинаның айтуынша, жауапкер тарап осы күнге дейін дауды бейбіт түрде шешуге немесе жағдайды реттеуге ешқандай әрекет жасамай отыр. Ал денсаулығы ауыр соққы алған тұрғын үшін бұл ұзақ әрі күрделі емдеу процесінің басы ғана.