Жетісу облысының Ақсу ауданы, Баласаз ауылында 30 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полиция бұл ауыр оқиға бойынша басты күдікті ретінде марқұмның күйеуін ұстаған, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы жағдай 22 маусымға қараған түні болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, күйеуі оны қатыгездікпен ұрып-соғып, алдымен әйелдің ата-анасына апарып тастаған. Кейінірек аудандық ауруханаға жеткізген. Бірақ, ол мекемеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, әйел Талдықорғанға жіберілген. Өкінішке қарай, дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен дәрігерлер келіншектің жанын алып қала алмаған.
Марқұмның денесінде адам шошырлық жарақаттар болған. Алайда, қара жамылған отбасы мәйіттің ешқандай анықтама-құжатсыз, сот-медициналық сараптамасыз берілгенін айтады. Әпкесі Айзаттың сөзінше:
“Денесінің әр жерінде көгерген іздер, жарақаттар болды. Бұл – бір реттік емес, ұзақ уақытқа созылған зорлық-зомбылықтың нәтижесі. Оны күйеуі өлтірді. Біз әділ тергеу мен заңды шешімнің қабылдануын талап етеміз”.
Келіншектің артында екі жасқа да толмаған сәбиі қалды. Полиция департаменті бұл оқиға бойынша іс қозғалып жатыр. Күдікті деп танылған марқұмның күйеуі уақытша ұстау изоляторында отыр.