Айтыскер ақын Мақсат Ахановтың төңірегінде өрбіген қоғамдық дау-дамайға қатысты бұрынғы мәжіліс депутаты, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың жетекшісі Ринат Зайытов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Экс-депутат Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында әріптесін суырыпсалма өнерден шеттетуге ешқандай заңды әрі моральдық негіз жоқ екенін кесіп айтты. Оның пайымдауынша, сахна саңлағын айтыстан қуу үшін оның сөзінде мемлекеттік деңгейдегі қылмыс немесе ел тұтастығына нұқсан келетін сипат болуы шарт. Алайда Ахановтың шығармашылығынан мұндай теріс пиғыл байқалмағанын алға тартқан Ринат Зайытов өз төл сөзінде былай деді:
«Мақсат кімге не деді? Айтыста ұлтараздықты қоздыратын, мемлекетке тіл тигізетін сөз айтса, шеттетуге болатын шығар. Мақсат бір адамға тиетін сөз айтпады. “Адайдың шалдары” деген – күнделікті қолданыстағы сөз», – деп атап өтті орталық басшысы.
Бұған қоса, қоғамда қызу талқыланып жатқан Мақсат Ахановтың сахнадағы оқыс әрекеті таспаланған видеожазба да сұхбат кезінде назардан тыс қалмады. Ринат Зайытов бұл кадрларды мүлде басқа ракурстан бағалап, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы өнер иесін аяқтан шалмай, керісінше араша түсуі тиіс еді деген ұстанымын білдірді. Ол атышулы бейнежазбаға қатысты ойын төл сөзінде былай деп түйіндеді:
«Мақсат Ахановтың бар істегені сахнада мас болып қалғаны ма? Мен, керісінше, сол видеоны көріп қызықтым. Осылай еркелеп жүре беру керек еді. Одақ Мақсатты қорғап қалуы керек еді», – деп ағынан жарылды ол.