Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Кеген ауданының тұрғындары Алматы — Нарынқол күре жолын жауып, жаңа асфальт салуды талап етіп тұр

11:25, 25 шілде 2022 256
[ad_1]



Бүгін 25 шілдеде Алматы облысының Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары Алматы — Нарынқол күре жолын жауып, наразылық акциясына шықты. Наразылыққа жиналғандар түсірген видеолардан жүздеген адамның Кеген ауданындағы Қайқы асуы тұсында жолды жауып, жауапты мекемелердің басшыларына наразылығын білдіріп тұрғаны көрінеді.


Күре жолдың екі жағынан келген жүздеген автокөліктің өте алмай тұрғаны байқалады.


Жиналғандардың сөзінше, Кеген мен Қайқы асуы арасындағы 15 км жолды былтыр шілдеде орта деңгейде жөндеу жұмыстары басталған, алайда көп ұзамай жұмыс тоқтап қалған.


- 2021 жылы шілдеден қыркүйекке дейінгі аралықта 15 шақырым жолды түгел күреп тастады. Үш шақырымдай жолға асфальт төселген, онысы биылдың өзінде ойылып, жарамай қалды. Қазір бұл жолмен жүремін деп апатқа ұшырап жатқандар да бар, жол әбден тозып, халықтың жүйкесіне тиді. Халық жолды тездетіп бітіруді талап етіп тұр, — дейді жергілікті белсенді Мақпал Шадан.




Наразылық білдіргендерге Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов пен оның екі орынбасары, "Қазавтожол" мекемесі мен құқық қорғау органдарының өкілдері келген. Наразыларға күш қолданылмаған.


Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовтің сөзінше, былтыр жолды жасауға кіріскен мердігер компанияның асфальт зауытының құжаты дұрыс болмай, жол құрылысы тоқтап қалған, сөйтіп ол компаниямен келісімшарт үзілген.


"Қазавтожол" компаниясы өкілінің сөзінше, жаңа мердігер алдағы тамыз айының 20-ларына қарай анықталады.


Жиналған жұрт асфальт салғанға дейін тым болмаса жолды грейдермен тегістеп отыруды талап етті. Олар грейдерді қазір әкеліп, істі бастамаса жолды ашпайтынын айтты.


Жолға жауапты мекемелер бұл талаппен келісіп, грейдер алдыратын болған. Оған дейін наразылар бір сағат бойы жолды ашып тұруға келіскен. Оқиға орнынан түсірілген видеолардан наразылардың әлі де тарқамай, грейдерді күтіп тұрғанын байқауға болады.






[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар