Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жергілікті тұрғындарды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпесе, мемлекет олардың жер телімдерін кері қайтарып алуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өткен көктемгі дала жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жиында егіс науқаны, мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамыту, сондай-ақ аграршыларға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары талқыланған.
Үкімет басшысы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарын мал шаруашылығын дамытуға белсенді түрде тарту қажеттігін айта келе, кәсіпкерлерге қатаң талап қойылатынын нақтап жеткізді:
«Бизнес пен ауыл шаруашылығы өкілдерінің назарын аударғым келеді. Ipі қожалықтар жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл - сіздерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Мемлекет қажетті қолдау көрсетеді, бірақ бұған жауап ретінде, бірінші кезекте ірі бизнестен жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді күтеді. Ашық айтқым келеді, кім бұл іспен айналыспайтын болса, демек, мұндай меншік иелерінен жерді қайтарып алумен айналысатын боламыз».
Сонымен қатар, Үкімет таратқан мәлімет бойынша, биыл елдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы алқабы 23,8 миллион гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға ұлғайған.
Кеңес барысында су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі де ерекше қаралды. Өткен маусымда кейбір өңірлерде, әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстарында егіс құрылымының сақталмауы суды шамадан тыс тұтынуға әкеп соққан. Осыған байланысты Премьер-министр жауапты тұлғаларға ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егістік көлемін қадағалап, сумен қамтамасыз ету жүйесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.