Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жұмыс орны мен үйінің маңын торуылдап, психологиялық қысым көрсеткен»: Қызылордада сталкинг жасаған азамат туралы сұмдық ақпарат шықты

19:10, 29 сәуір 2026

Қызылорда қаласында жәбірленушінің қарсылығына қарамастан, оны ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде қудалаған ер адам сотталды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Тоғыз айға созылған заңсыз әрекеттерден кейін құқық қорғау органдары күдіктіні құрықтап, оның ісін сотқа жолдады. Бұл жағдай Қылмыстық кодекске жаңадан енгізілген «Сталкинг» бабы бойынша жауапкершілікке тартудың алғашқы мысалдарының бірі болып отыр.

Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы әйел адамның қарым-қатынас орнатудан бас тартқанын біле тұра, оны аңдуын тоқтатпаған. Ол әлеуметтік желілер арқылы үздіксіз хабарламалар жолдап, жәбірленушінің жұмыс орны мен үйінің маңында үнемі көрініп, психологиялық қысым көрсетіп келген. Жәбірленушінің бірнеше мәрте жасаған ескертулері мен талаптары ескерусіз қалған.

Қызылорда қалалық сотының үкімімен ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасы кесілді. Сонымен қатар, облыс аумағында осындай құқық бұзушылық жасаған тағы екі азамат анықталып, оларға да тиісті жаза тағайындалған.

«2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске 115-1-бап енгізіліп, сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді. Аталған бапқа сәйкес адамды жүйелі түрде қудалау, мазасыз қоңыраулар шалу, аңду және азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын бұзатын өзге де әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Осы құқық бұзушылық үшін заңнамада екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе елу тәулікке дейін қамау түріндегі жаза көзделген», – деп хабарлады прокуратура өкілдері.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар