Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ресей тыңшысы болуы мүмкін»: Германияда ауыр айыппен Қазақстан азаматы тұтқындалды

15:53, 29 сәуір 2026

Германия құқық қорғау органдары Ресейдің барлау қызметімен байланыс орнатты деген айыппен Қазақстан азаматы Сергей К.-ны қамауға алды, деп жазады Alash.kz. 

Берлин федералды прокуратурасының мәліметінше, күдікті ұзақ уақыт бойы шет елдің мүддесі үшін жұмыс істеп, Германия мен оның одақтастарының қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін стратегиялық ақпараттарды жолдап отырған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, оған қатысты бұлтартпау шарасы белгіленді.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сергей К. 2025 жылдың мамыр айынан бері ресейлік кураторларымен тұрақты байланыста болған. Ол Германияның әскери әлеуеті мен қорғаныс өнеркәсібіне қатысты құпия мәліметтерді жинаумен айналысқан. Атап айтқанда, күдікті заманауи әскери дрондар мен робототехника шығаратын кәсіпорындардың жұмысы туралы деректерді заңсыз иемденіп, сыртқа шығарып отырған.

Сонымен қатар ұсталған азаматқа автомагистральдардағы әскери техникалардың, оның ішінде НАТО күштерінің қозғалысын бақылап, олардың бағыттарын нақтылап отырды деген айып тағылды. Ол тек әскери нысандарды ғана емес, Берлиндегі мемлекеттік маңызы бар қоғамдық ғимараттарды да суретке түсіріп, барлау орталықтарына жіберіп отырған. Тергеушілердің пікірінше, бұл ақпараттар Германия аумағында ықтимал диверсиялық әрекеттерді жоспарлау үшін қолданылуы мүмкін болған.

Құзырлы органдардың қолында Сергей К.-ның тек ақпарат беруші ғана емес, сонымен қатар жаңа агенттерді тартушы (вербовка жасаушы) ретінде де қызмет еткені туралы деректер бар. Ол Германияда толыққанды тыңшылық желісін құруды ұсынған. 29 сәуірде күдікті Федералды соттың тергеу судьясы алдында жауап беріп, оның алдағы тағдыры мен істің құқықтық сипаты нақтыланатын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар