Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Қазақстанға танымал дәрігер, қоғам қайраткері дүние салды (ФОТО)

17:32, 29 сәуір 2026

Қазақстанның денсаулық сақтау саласына елеулі еңбек сіңірген сарапшы, белгілі қоғам қайраткері Бақыт Ниязбекқызы Түменова өмірден өтті, деп жазады Alash.kz.

Бақыт Ниязбекқызы саналы ғұмырын медицина мен азаматтық қоғамды дамытуға арнап, мемлекеттік қызметте де, қоғамдық секторда да жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Әсіресе, пациенттердің құқығын қорғау мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі табандылығымен ел есінде қалды. Марқұмның еңбек жолы туған жері Семей өңірінен басталған. Семей мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін тәмамдаған соң, ол көп жыл бойы дәрігерлік қызмет атқарып, кейіннен өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде басшылық тізгінін ұстады. 1994 жылы облыс әкімдігінде Семей ядролық полигонындағы сынақтардың зардабын жоюмен айналысатын арнайы бөлімді басқарып, зардап шеккен халықтың мұң-мұқтажымен тікелей айналысты.

Бақыт Түменованың саяси және мемлекеттік қызметтегі кезеңі Павлодар облысымен де тығыз байланысты. Ол 1998-2001 жылдары өңір әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Кейінірек азаматтық ұстанымына байланысты оппозициялық бағыттағы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қосылып, «Алға» партиясының орталық аппаратына жетекшілік етті.

2007 жылдан бастап Бақыт Ниязбекқызы «Аман-саулық» қоғамдық қорының тізгінін ұстап, соңғы деміне дейін халықтың денсаулығы мен әлеуметтік құқықтарын қорғау жолында аянбай тер төкті. Оның жетекшілігімен аталған қор медициналық қызмет сапасын жақсарту және азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттыру бағытында көптеген іргелі жобаларды жүзеге асырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар