Келес ауданында суға ағып кеткен сегіз жасар Жаннұр Тұрсынбекті іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды. Бір айға созылған ауқымды құтқару операциясы нәтиже бермегендіктен, тиісті органдар іздеу шараларын тоқтату туралы шешім қабылдады. Енді бұл іске қатысты материалдар алдағы іс-қимылдарды анықтау үшін басқа құзырлы мекемелерге жолданады, деп жазады Alash.kz.
Құтқарушылардың мәліметінше, қайғылы жағдай 2026 жылдың 23 наурызында орын алған. Баланың анасынан хабар түскен сәттен бастап Келес өзені мен оның маңайы жіті тексерілді. Іздеу шараларына төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, полиция қызметкерлері, жергілікті әкімдік өкілдері мен еріктілер тобы жұмылдырылды. Бір ай бойы мамандар арнайы техникаларды, соның ішінде дрондарды қолдана отырып, күрделі ауа райы жағдайында күні-түні жұмыс істеді.
«2026 жылдың 23 наурызында баланың анасы құтқарушыларға телефон шалып, 2018 жылы туған Жаннұр Тұрсынбек атты баласының Келес өзеніне ағып кеткенін айтты. Ақпарат түсе сала құтқарушылар мен полиция, жергілікті әкімдік пен еріктілер баланы іздеуге кіріскен. Операция кезінде өзен, оның айналасын тексердік. Арнайы техника мен дрон қолдадық. Құтқарушылар ауа райына қарамай, баланы күні-түні іздеді. Бірақ, осы шараларға қарамастан, баланы таба алмадық. Сондықтан, 2026 жылдың 23 сәуірінен бастап ресми түрде іздеуде тоқтаттық», - деп хабарлайды құтқару қызметінің өкілдері.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, бір айлық белсенді іздеу кезеңі нәтижесіз аяқталған жағдайда, іс материалдары келесі кезеңдегі заңды процедураларды жүргізу үшін өзге органдардың қарауына беріледі.