Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Есіктен кіріп келетіндей …»: Келес өзеніне ағып кеткен 8 жасар баланың анасы жан айқайын айтты (ВИДЕО)

13:01, 29 сәуір 2026

Түркістан облысында Келес өзеніне құлап, суға ағып кеткен 8 жастағы Жаннұр Ердәулетұлының тағдыры әлі де белгісіз, деп хабарлайды Alash.kz. 

Құтқару қызметінің іздестіру шараларын тоқтатқанына наразы болған баланың анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Наурыз айынан бері жалғасқан іздеу жұмыстары нәтиже бермегендіктен, зардап шеккен отбасы құзырлы органдардың әрекетін қайта жандандыруды талап етіп отыр.

Оқиға 23 наурызда орын алған болатын. Содан бері құтқарушылар мен сүңгуірлер Келес өзенінің бойын, тіпті Өзбекстан шекарасына дейінгі аумақты және Сырдария өзенінің арнасын мұқият тексеріп шықты. Алайда бір жарым айға созылған ауқымды іздестіру шараларына қарамастан, баланы табу мүмкін болмады. Осыған байланысты бір апта бұрын ресми іздеу жұмыстары тоқтатылды.

Баланың анасы күдерін үзбей, күн сайын перзентінің оралуын күтіп отырғанын айтады. Ол өз мұңын былайша жеткізді:

«Есіктен Жаннұр кіріп келетіндей үмітпен, көз жасымен күндер өтіп жатыр».

 Сонымен қатар ол 112 қызметінің техникалық мүмкіндіктері мен атқарылған жұмыстың тиімділігіне қатысты сауал тастап, Президенттен бұл істі жеке бақылауына алуды өтінді.

Журналист Гүлмира Әбіқай да бұл жағдайға назар аударып, ата-ананың басына түскен ауыр сынақты тілге тиек етті. Журналист өз жазбасында:

 «Енді не болады? Бір жарым ай бойы барлық күш пен техниканы жұмылдырып, бір баланы таба алмаған 112 қызметі іздеуді қайта жалғастыра ма? Баласының тірі не өлі екенін білмей, өмір бойы күту ата-ана үшін өте ауыр сынақ...», — деп атап өтті.

Қазіргі таңда қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар іздестіру жұмыстарының қайта басталуын күтіп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар