Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Педагогтердің құқықтарын қорғауды көздейді»: Асхат Аймағамбетов ұстаздар үшін оң өзгеріс туралы айтты (ВИДЕО)

14:05, 29 сәуір 2026

Қазақстанның білім беру жүйесіндегі маңызды реформалардың бірі «Педагог мәртебесі» туралы заңға енгізілетін жаңа түзетулер Мәжілістің күн тәртібіне шығарылды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп жазады Alash.kz. 

Бұл құжат ұстаздардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдарды қамтиды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына (бұдан әрі – заң жобасы) Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін заңнамалық деңгейде күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық етті.

Заң жобасының негізгі ережелері педагогтердің құқықтарын қорғауға және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған нормаларды көздейді.

Атап айтқанда:

1) педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігін тек оқу процесі кезеңімен шектеу;

2) педагогтердің есептілікті бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуіне жол бермеу;

3балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін кеңейту;

4) орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдалану бойынша бірыңғай қағидаларды бекіту ұсынылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша негізгі заң жобасында:

1) денсаулық сақтау объектілерін салу және пайдалану саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша конкурстық рәсімдерге қатысу үшін жекеше әріптестердің, концессионерлердің (еншілес компаниялардың) тізбесін кеңейту;

2) Қазақстан Республикасының аумағында жетекші шетелдік университеттердің қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға және олардың тиімді жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық реттеуді енгізу көзделуде.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласындағы медициналық білім беруді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер жеке блок ретінде қаралды.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар деңгейінде мектеп оқушыларын ғылыми қызметке тартуды көздейтін түзетулер енгізілді.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша  қорытындылар берді.

Жұмыс тобының 5 отырысы және Комитеттің 1 кеңейтілген отырысы өткізілді.

Осы айтылғандарды ескере отырып, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы ұсыныммен оны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізуге болады деп есептейді.  

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар