Әлеуметтік желіде Алмасбек Садырбаевқа бостандық беру туралы үндеу кеңінен таралып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Соңғы күндері жарияланған жазба мыңдаған лайк жинап, жүздеген пікірге ие болған. Қолданушылардың басым бөлігі оны қолдап, бостандыққа шығуын талап етуде.
Пікірлерде былай деп жазылған:
— «Бостандық берілсін адал азамат Алмасбекке!»
— «Халыққа пайдасы тиген, ешкімге зияны жоқ адам»
— «Қазір нағыз шаруаны білетін адам керек»
— «Бостандық берілсін, талап етеміз!»
— «Шындықты айтқаны үшін жазаланбауы керек»
Кейбір қолданушылар Алмасбектің еңбегін атап өтіп, оны қарапайым халықтың сөзін жеткізген азамат ретінде сипаттайды.
Сонымен қатар, қарсы пікір білдіргендер де бар. Олар мәселені заң аясында қарастыру қажеттігін айтады.
Қазіргі таңда бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда әртүрлі пікір қалыптасуда.
Еске салсақ, Алмасбек Садырбаев 2024 жылы ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты іс бойынша ұсталған. Тергеу дерегінше, ол жалған кооперативтер арқылы шамамен 1,2 млрд теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз алған деген күдікке ілінген. Қазір ол қамауда, ал өзі тағылған айыптарды жоққа шығарады.