Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өз әкесін аяусыз сабап, өліміне себепкер болған»: Алматы облысында ауыр қылмыс үшін үкім шықты

19:41, 28 сәуір 2026

Алматы облысы, Райымбек ауданында туған әкесіне ауыр жарақат салып, өліміне себепкер болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz. 

Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Қайғылы оқиға өткен жылдың қазан айында отбасылық жанжалдың соңы төбелеске ұласуы салдарынан орын алған.

Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға 2024 жылғы 10 қазанда Қайнар ауылында болған. Ішімдік ішіп, мас күйінде болған айыпталушы мен оның әкесі арасында жеке араздық негізінде кикілжің туындаған. Жанжал барысында ер адам қарт әкесін аяусыз соққыға жыққан. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы марқұмның денесіне кемінде 15 соққы жасалғанын растады.

Дәрігерлердің анықтауынша, жәбірленушінің өліміне кеуде қуысының ауыр жарақаты себеп болған. Соққылар салдарынан қабырғалары сынып, ішкі мүшелері, атап айтқанда өкпесі зақымдалған. Алған жарақаттардың ауырлығынан зейнеткер оқиға орнында көз жұмды.

Сот талқылауы барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Соған қарамастан, жиналған айғақтар мен сараптама қорытындылары оның кінәсін толық дәлелдеді. Үкім шығару кезінде сотталушының бұрын сотталмағаны және жәбірленуші тараптың оған кешірім бергені жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қаралды. Алайда қылмыстың мас күйінде жасалуы жазаны ауырлататын фактор ретінде ескеріліп, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар