Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жағдай биліктің бақылауынан шығып кетті. Диктаторға өлім!»: Иранда саяси-экономикалық толқулар өтіп жатыр (ВИДЕО)

11:47, 02 қаңтар 2026

Иран Ислам Республикасында ұлттық валюта риал бағамының күрт құлдырауы салдарынан туындаған жаппай наразылық шаралары бүкіл елді қамтыған ірі саяси толқуға ұласты, деп хабарлайды Alash.kz Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Толқулардың негізгі қозғаушы күші валюта нарығындағы девальвация болды. 2025 жылғы 25 желтоқсанда риал бағамы құлдырағаннан кейін Тегеранда алғашқы қарсылық шаралары байқалды. Ал 28 желтоқсан, жексенбі күні риал рекордтық төменгі деңгейге түсіп, бір АҚШ долларының құны 1 миллион 450 мың риалды құрады. Бұл жағдай нарықтағы сауда-саттықтың тоқтауына алып келді: сатушылар мәмілелерден бас тартса, сатып алушылар бағаның тұрақталуын күтіп, сауданы кейінге қалдырды. Осының салдарынан Тегерандағы орталық базар мен дүкендер жабылып, кәсіпкерлер көшеге шықты.

Дәл осы кезеңде Президент Масуд Пезешкиан жаңа қаржы жылына арналған бюджет жобасын таныстырған болатын. Құжатта мемлекеттік шығыстар едәуір қысқартылғанымен, қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға арттыру ұсынылды. Алайда бұл көрсеткіш соңғы 12 ай ішіндегі тұтыну тауарлары бағасының 52 пайыздан астам өсуіне төтеп бере алмады. Соның салдарынан бюджет комиссиясы заң жобасын қабылдамай тастады, ал Орталық банк төрағасы Мохаммад Фарзин отставкаға кетіп, оның орнына Насер Хеммати тағайындалды.

29 желтоқсан күні толқулар Тегераннан тыс аймақтарға, атап айтқанда Хамадан, Малард-Карадж қалаларына және Кешм аралына жайылды. Сондай-ақ Керманшах, Йезд және Шираз қалаларында да демонстрациялар өтті. 30 желтоқсанға қарай наразылық шаралары елдің кем дегенде тоғыз провинциясын қамтыды.

Осы уақытта шеруге студенттер де қосылып, талаптар экономикалық мәселелерден саяси мәнге ауысты. Тегеран университеті мен өзге де оқу орындарында шерушілер «Диктаторға өлім!» деп ұрандатып, қолданыстағы билік жүйесіне түбегейлі қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ жиналғандар арасында елдің бұрынғы монархиялық кезеңіне сілтеме жасайтын, атап айтқанда биліктен тайдырылған шахтың ұлы Реза Пехлевиді қолдайтын ұрандар да айтыла бастады.

Шерушілер мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыстар орын алып, күштік құрылымдар көз жасаурататын газ қолданды. Ислам революциясы сақшылар корпусы бұл оқиғаларды сыртқы күштер тарапынан ұйымдастырылған әрекет деп айыптады. Керісінше, Президент Пезешкиан халықтың заңды талаптарын диалог арқылы шешуге уәде беріп, жұмсақ ұстаным танытуға тырысты.

Толқулар легі толастамағандықтан, жағдай биліктің бақылауынан шығып кетті. Тәртіп сақшыларының бүлікке қарсы тұруға шамасы жетпей жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар