Бішкекте Акума есімді блогер әлеуметтік желіде Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен бірге түскендей әсер қалдыратын, жасанды интеллект арқылы жасалған суретті жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп жазады Alash.KZ.
Адвокат Шердор Абдыкапаровтың мәліметінше, ЖИ көмегімен жасалған бейне көпшілікке ашық түрде жарияланып, қысқа уақыт ішінде әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен.
Осы жағдайдан кейін құқық қорғау органдары аталған жазбаға назар аударып, материал Бішкек қалалық ішкі істер басқармасына жолданған. Тексеру барысында блогердің жеке басы анықталып, іс Октябрь аудандық сотында қаралды.
Сот шешімімен блогерге 5 500 сом көлемінде айыппұл салынды. Бұл шамамен 32 мың теңгеден асады.