Алматы қаласының Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен шыққан өрт жедел түрде ауыздықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Рысқұлбеков көшесінде орналасқан 12 қабатты үйдің жоғарғы қабатындағы пәтердің бірінде ашық жалын пайда болып, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнді.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқару бөлімшелері пәтердің ашық жалынмен жанып жатқанын анықтап, өртті ауыздықтауға бірнеше арнайы техника мен өрт сөндіру оқпандарын жұмылдырды.
Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары баспалдақ маршы арқылы 60 адамды қауіпсіз аймаққа эвакуациялады, олардың 20-сы балалар. Ведомствоның мәліметінше, 112 пультіне зардап шеккендер туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
Мамандардың үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде жалынның өзге аумақтарға таралуына жол берілмей, тілсіз жау толығымен жойылды. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себептерін анықтау бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.