Танымал әнші Жанар Айжанова екінші рет тұрмыс құрғаннан кейін тағы да перзент сүйгісі келгенімен, оның бұл арманы орындалмағанын ашық айтты, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесі «Мамский әңгіме» бағдарламасына қонаққа барып, берген сұхбатында отбасылық өмірі мен екінші рет тұрмыс құруға қатысты өз ойын бөлісті. Әнші өз сөзінде жас кезде уақыт созбай отбасын құрғанның дұрыс екенін және жалғыз қызы Айжұлдыздың артынан бауыр ертуді қатты қалағанын жеткізді. Алайда күнделікті күйбең тіршілік пен шығармашылық жұмыстардың соңында жүріп, уақытты өткізіп алғанын жасырмады.
«Реті келсе ізін суытпай тұрмысқа шығып кеткен жақсы. Жас кезде шығып кеткен жақсы. Айжұлдыздың артынан тағы бір бала ерсе деп ойлағанмын. Бірақ ермеді. Маңдайға жазылғаны сол болып тұр ғой. Менде қорқыныш болған жоқ. Мен тағы бір гастрольіме барып келейін, ананы істеп тастайын, үйімді үлкейтіп алайын, Айжұлдызды орнына қойып алайын деген секілді күнделікті қу тіршілікпен жүріп қалдым. Бірақ артынан шықтым ғой тұрмысқа. Бірақ бермейтін нәрсені Құдай бермейді екен. Айжұлдыздан кейін сонша дәмеленгенмін. Кім болса да артынан еретін бала туып алсам дегенмін. Бұйырмады», – деді Жанар Айжанова.