Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ипотека бойынша шекті мөлшерлеме бекітіледі». Маңызды! Пәтер алушылар үшін жағымды жаңалық шықты

09:49, 16 қаңтар 2026

Қазақстанда жарты жылдан кейін ипотекалық несиелердің құны төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды Alash.kz. 

Билік биылғы шілде айынан бастап ипотека бойынша жылдық шекті пайыздық мөлшерлемені 20% деңгейінде бекітуді жоспарлап отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл қадам баспана несиесін халыққа әлдеқайда қолжетімді етеді деп үміттенеді.

Десе де, экономистер мұндай әкімшілік шектеудің кері әсері болуы мүмкін екенін ескертеді. Олардың пайымдауынша, базалық мөлшерлеме 18% болып тұрғанда, банктерге ипотеканы арзандату тиімсіз, бұл нарықтың 30–40%-ға қысқаруына соқтыруы ықтимал. Сонымен қатар, несие пайызы төмендегенімен, сұраныстың артуы салдарынан үй бағасы 15%-ға дейін қымбаттауы мүмкін.

Экономист Жеңіс Шәріп нарықтағы жағдайға байланысты өз күмәнін былай деп білдірді:

«Ипотека толығымен жойылып кетпеуі мүмкін. Банктер құрылыс компанияларымен бірлескен бағдарламалар іске қосуы ықтимал, бірақ ипотекалық несиелеу көлемі 30–40%-ға қысқаруы мүмкін. Мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға нақты төмендету үшін базалық мөлшерлемені кем дегенде 2%-ға азайту қажет».

Ал экономист Бауыржан Ысқақ бұл өзгерістің отбасылық бюджетке тигізер пайдасын есептеп берді:

«Егер 20 миллион теңгеге 20 жыл мерзімге 25%-бен ипотека рәсімделсе, ай сайынғы төлем шамамен 420-450 мың теңгені құрайды. Ал 20% мөлшерлемемен төлем шамамен 100 мың теңгеге азайып, 320-340 мың теңге болады. Бұл отбасылық бюджетке түсетін салмақты айтарлықтай жеңілдетіп, ипотеканы қолжетімді етеді».

Айта кетейік, ипотекалық мөлшерлемені шектеу туралы мәселе өткен жылдан бері көтеріліп келеді, алайда базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты бұл шара бірнеше рет кейінге шегерілген болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар