Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезиядан Атырауға жеткізілді, деп жазады Alash.kz.
«Ақ Жайық» басылымының дереккөздерінің мәліметінше, олар 9 наурыз күні Алматыдан ұшып келген рейспен Атырауға жеткізілген.
Еске салайық, күдіктілер 2026 жылғы 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталған. Операцияны Индонезия Интерполының Ұлттық орталық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі бірлесіп жүргізген.
Индонезия құқық қорғау органдарының мәліметінше, Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева халықаралық іздеуде болған және Интерполдың «қызыл хабарламасы» бойынша тізімге енгізілген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер Атырау облысы Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыны өлтіру қылмысына қатысы бар деп есептеледі. Құқық қорғау органдарының болжамынша, жәбірленушілерге суық қарумен соққы жасалып, кейін мәйіттер жасырылған, ал олардың ақшасы мен мүлкі ұрланған.
Индонезия полициясы күдіктілердің елге 2025 жылғы 14 желтоқсанда Куала-Лумпурдан Бали аралы арқылы келгенін анықтаған. Кейін олар Ломбок аралына барып, ұсталғанға дейін сол жерде тұрған. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс алдын ала жоспарланып, пайда табу мақсатында жасалған.
Тергеу жалғасып жатыр.