Қазақстанның мемлекеттік басқару мен экономикалық жүйесі сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Жаңадан жасақталған Үкімет, өз жұмысына кіріскен бір палаталы Құрылтай және стратегиялық басымдыққа айналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект ел дамуына тың қарқын беріп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы Жолдауы кезекті есеп беру емес, ел азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нақты шешімдер жиынтығы болмақ.
Ел экономикасын дамыту, халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу және бизнеске жол ашу мәселелері төңірегінде
Alash.kz ұлттық порталы тілшісіне белгілі экономист
Бауыржан Мұратбекұлы мен жазушы, қоғам қайраткері, экономист
Бекнұр Сейітжанұлы өздерінің пайымды пікірлерін бөлісті.
НАҚТЫ ТАБЫС ПЕН БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ: ИНФЛЯЦИЯНЫ ЕҢСЕРУДІҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІ
Бүгінгі таңда халықтың сатып алу қабілетін арттыру мен нарықтағы бағаны ауыздықтау – ең басты стратегиялық міндеттердің бірі.
Бауыржан Мұратбекұлының ойынша, халықтың әл-ауқатын жақсартуда құрғақ цифрларға сүйенбей, нақты сатып алу қабілетін көтеруге басымдық берілуі тиіс. Экономист азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдық тізбекті барынша қысқарту қажеттігін алға тартады. Сонымен қатар ол отандық өндірісті, әсіресе халық күнделікті пайдаланатын тауарларды ынталандыру арқылы нарықтағы ұсынысты көбейту инфляцияны тежеудің ең тиімді жолы екенін атап өтті. Халық табысын арттырудың ең тұрақты тәсілі еңбек өнімділігін жоғарылататын инвестициялар тарту мен жоғары жалақылы жұмыс орындарын ашу екеніне тоқталды.
«Табыстың номиналды өсуі емес, халықтың нақты сатып алу қабілетін арттыру маңызды. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін делдалдар тізбегін қысқарту қажет... Инфляцияны тек бағаны бақылау арқылы емес, ұсынысты көбейту арқылы тежеу де тиімді»,– деп атап өтті Бауыржан Мұратбекұлы.
Сондай-ақ ол халық табысын арттырудың ең тұрақты жолы жалақысы жоғары жұмыс орындарын көбейту екенін, осыған байланысты мемлекет әлеуметтік төлемдерді индексациялаумен қатар, еңбек өнімділігін арттыратын инвестицияларға басымдық беруі тиіс екенін жеткізді.
Ал Бекнұр Сейітжанұлының айтуынша, бұл жердегі негізгі түйткіл – инфляцияның ішкі өндірісті кеңейтуге кері әсерін тигізіп жатқанында. Сарапшы Ұлттық банктің ақша-несие саясаты арқылы инфляциямен күресу бағытында ауқымды жұмыс атқарғанын ескере отырып, ендігі кезекте ішкі өндірісті өсіруге басымдық беру керектігін айтады. Елімізде тұтынылатын тауарлардың жетпіс пайызға жуығы шетелден келетіндіктен, отандық өндірушілерді қолдауды еселеп арттыру қажет. Сонымен бірге, ауылдағы өнім базарға жеткенше бағасы екі есеге жуық қымбаттап кететін ұзын-сонар делдалдық жүйені түбегейлі тоқтату – басты талап.
«Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтау бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Дегенмен, инфляцияның салдары ішкі өндірісті ұлғайтуға кедергі келтіріп отыр. Бізде отандық өндіріс көлемі әлі де жеткіліксіз, сол себепті сыртқы импортқа тәуелдіміз», – дейді Бекнұр Сейітжанұлы.
Бұған қоса, сарапшы ауылда өсірілген мал мен өндірілген ет базарға жеткенше, делдалдардың кесірінен бағасы елуден жүз пайызға дейін қымбаттап кететінін тілге тиек етіп, бұл жүйені тоқтатып, делдалдардың үлесін азайту қажеттігін баса айтты.
БИЗНЕСТІҢ ТЫНЫСЫН АШУ: БЮРОКРАТИЯ МЕН ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ
Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының қозғаушы күші. Алайда, бұл салада шешімін таппай жатқан кедергілер әлі де жеткілікті.
Бауыржан Мұратбекұлы бизнестің өркендеуіне, ең алдымен, артық әкімшілік жүктеме, оңтайлы қаржының жетіспеушілігі мен инфрақұрылым тапшылығы қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Экономист мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігі бөлінген қаржымен емес, ашылған жұмыс орындары, шығарылған өнім және төленген салық мөлшерімен бағалануы тиіс деп есептейді.
«Кәсіпкер бизнесін дамытуға емес, есеп беруге, рұқсат алуға және тексерістерге өте көп уақытын жұмсайды... Артық әкімшілік жүктеме мен инфрақұрылым тапшылығы – бизнестің басты кедергісі», – деп баса айтты Бауыржан Мұратбекұлы.
Сондай-ақ оның пікірінше, электр қуаты, жол, интернет немесе су жоқ жерде инвестиция мен жаңа өндіріс болмайды. Мемлекет бизнесті тек субсидия алушы ретінде емес, негізгі жұмыс беруші ретінде қарап, әрбір қолдау бағдарламасының нәтижесін құрылған жұмыс орындары мен өндірілген өнім көлемімен өлшеуі қажет.
Бекнұр Сейітжанұлының айтуынша, қазіргі таңда табыс деңгейі инфляция қарқынына жете алмай жатыр, ал бұл бизнестің кеңеюіне тікелей кедергі келтіруде. Кәсіпкерлерге алдағы жылдарды болжау мүмкіндігі жетіспейді, өйткені салық және тариф саясаты жиі өзгереді. Мұндайда бизнес өкілдеріне кем дегенде бес-он жылға арналған ұзақ мерзімді сенімділік керек. Сондай-ақ шағын бизнеске арзан әрі ұзақ мерзімді несие жетіспейді, ал мемлекеттік реттеу мен толып жатқан есептілік олардың тынысын тарылтып отыр.
«Кәсіпкерлер салық саясаты, тарифтер мен реттеу талаптарының ертең қалай өзгеретінін анық түсінуі тиіс... Мұндайда кәсіпкерге мемлекеттік саяси-экономикалық шешімдерге қатысты кем дегенде бес-он жылға арналған ұзақ мерзімді болжам мен сенімділік ауадай қажет», – деп түсіндірді Бекнұр Сейітжанұлы.
Ол сонымен қатар қазіргі банктердің шағын бизнеске несие беруге құлықсыз екенін, кәсіпкерлердің уақыты өндірісті кеңейтудің орнына анықтама, рұқсат алу сияқты бюрократияға кететінін айтты. Түркия сияқты елдердің тәжірибесіне сүйеніп, тұрақты түрде он, елу, жүз адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорындардың үлесін арттыру қажеттігін меңзеді.
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨРЛЕУ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ІЛГЕРІЛЕУДІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Қазіргі заманда технологиялық ілгерілеусіз экономикалық серпіліс жасау мүмкін емес. Цифрландыру мен жасанды интеллект өндірістің әр саласына серпін беруі тиіс.
Бауыржан Мұратбекұлының сөзінше, жасанды интеллект әдемі тренд емес, еңбек өнімділігін көтеретін басты құралға айналуы қажет. Ол ауыл шаруашылығынан бастап мемлекеттік қызметке дейінгі аралықта уақыт пен шығынды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда жүйені қайта құрмай, технологияны жай ғана енгізу нәтиже бермейді. Сондай-ақ жаңа технологиялар енгізілгенде кадрларды қайта даярлау процесі қатар жүруі шарт.
«Жасанды интеллект сәнді технология ретінде емес, экономикалық өнімділікті арттыратын құрал ретінде қаралуы керек... Ең маңыздысы – уақыт пен шығынды азайту», – деді Бауыржан Мұратбекұлы.
Экономист сандық технологияларды енгізумен қатар бизнес-процестерді де қайта құру керектігін ескертті. Жаңа технологиялар кейбір мамандарды қысқартуы мүмкін болғандықтан, қайта даярлау және жаңа цифрлық мамандарды оқыту ісін қатар жүргізу маңызды.
Бекнұр Сейітжанұлы сандық технологиялар операциондық шығындарды азайтып, шағын кәсіпкерлерге көптеген процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бірақ технологияны сатып алу жеткіліксіз, бастысы – оны шебер қолданатын кадрлар даярлау. Қазіргі таңда жасанды интеллект экожүйесі мен бизнес өкілдері бір-бірінен алшақ, өз бетінше жұмыс істеп жатыр, сондықтан бұл екі тараптың басын қосатын ортақ инфрақұрылым құрылуы тиіс.
«Басты мәселе – технологияны жай ғана сатып алу емес. Ең бастысы – оны шебер қолдана алатын кадрларды даярлау. Солайша, Қазақстанның ЖИ стратегиясы инфрақұрылыммен қатар білім беруді, мамандарды қайта даярлауды қамтуы қажет», – деп түйіндеді Бекнұр Сейітжанұлы.
Бұған қоса, сарапшы жасанды интеллектті өндірістегі компаниялар мен шағын кәсіпкерлерге жеткізу үшін арнайы инфрақұрылым керектігін, кәсіпкерлер мен экожүйе арасындағы байланысты арттыру қажеттігін атап өтті.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ҰСЫНЫСТАР: НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ҚАДАМДАР
Сарапшылар Президентке ұсыныстар айту мүмкіндігі туса, қай салада түбегейлі өзгерістер жасау керектігін де ортаға салды.
Бауыржан Мұратбекұлының айтуынша, біріншіден, экономикалық индикаторлардың қатарына халықтың нақты табыстылығы, азық-түлікке жұмсайтын шығыны мен сатып алу қабілетін бағалау жүйесін енгізу қажет. Екіншіден, шағын және орта бизнес үшін салық, несие, инфрақұрылым мен тіркеу мәселелерін «бір терезе» жүйесі арқылы толық цифрландыру керек. Үшіншіден, Қазақстанды ЖИ өнімдерін өндіруші елге айналдыру үшін IT-стартаптар мен жас мамандарға нақты нарық беріп, мемлекеттік сатып алудың бір бөлігін отандық цифрлық шешімдерге бағыттаған жөн.
«Жаңа Жолдаудан қоғам күтетін ең басты нәрсе – жаңа бастамалардың көп болуы емес, олардың нақты нәтижесі. Халық үшін нәтиже – бағаның тұрақтануы мен табыстың өсуі, бизнес үшін – кедергінің азаюы мен жаңа нарықтардың ашылуы», – деді Бауыржан Мұратбекұлы.
Сондай-ақ ол шағын және орта бизнес үшін мемлекетпен байланысты азайтып, «бір терезе» қағидатын толық енгізу кәсіпкердің бизнеске жұмсайтын уақытын көбейтетінін айтты. Қазақстанды жасанды интеллект тұтынушысынан өнім өндірушіге айналдыру үшін отандық стартаптарға қолдау көрсету керектігін қосты.
Бекнұр Сейітжанұлының пікірінше, ең алдымен елдегі барлық мемлекеттік KPI көрсеткіштерін халықтың нақты әл-ауқатын оңалтып, табысын арттыруға бағыттау қажет. Сонымен қатар бизнеске кедергі келтіретін бюрократияны жойып, «бір терезе – бір бизнес» қағидасын іске асыру керек. Үшінші бағыт ретінде сарапшы жасанды интеллектті мектептерге, әкімдіктерге, ПИК (КСК), МИБ (ОСИ) сияқты барлық мекемелерге кеңінен енгізуді, тіпті шетелдік озық ЖИ құралдарын білім саласына тегін ұсынып, әрбір басшы өз жұмысында ЖИ мүмкіндіктерін нақты үлгімен көрсетуі тиіс екенін жеткізді.
«Басты принцип пен мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсартып, табысын көтеру. Барлық мемлекеттік KPI толығымен осы міндетке ыңғайлануы тиіс. Экономика өскенмен, азаматтар оның игілігін өзі сезінбесе, мұндай өсімнің әлеуметтік маңызы төмен», – деді Бекнұр Сейітжанұлы.
Сонымен бірге, ол жасанды интеллектті барлық деңгейде, соның ішінде әкімдіктер мен білім беру мекемелерінде белсенді қолдануды ұсынды. Тіпті оны әр салада ілгерілететін «елшілер» болуы тиіс екенін және кез келген жобаның тиімділігі қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруымен өлшенуі керектігін айтты.
Түйіндей келе, заман талабы мен ел үміті тоғысқан бүгінгі тарихи кезеңде экономикалық саясаттың өзегі құрғақ есеп пен құбылмалы көрсеткіштерде емес, азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатынан көрініс табуы тиіс. Сарапшылар пайымы көрсеткендей, алдағы реформалардың табысты болуы – нарықтағы баға тұрақтылығы мен халықтың нақты сатып алу қабілетіне, бюрократия бұғауынан босаған бизнеске және жасанды интеллект сыйлайтын технологиялық серпіліске тікелей байланысты.
Жаңа экономикалық бағдар – сандар жарысы емес, сапалық өрлеу жолы. Бастамалар қағаз бетінде қалмай, нақты өндіріс ошақтарына, қолжетімді жұмыс орындарына және әрбір шаңырақтың берекесіне айналғанда ғана мемлекеттік саясаттың негізгі мұраты орындалмақ. Қазақстанның болашақ даму жолы – батыл шешімдер мен нәтижелі қадамдардың тоғысқан арнасы.