Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгін Құрылтай депутаттары «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады.
Құжаттың бірінші оқылымы 2026 жылдың 14 қазанында өткен болатын.
Заңда шығындардың әлеуметтік бағыттылығын сақтауға ерекше назар аударылады: барлық бюджет қаражатының үштен бірінен астамын адами капиталды дамытуға және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағыттау жоспарлануда. Сондай-ақ, аймақтық инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға айтарлықтай ресурстар бөлінеді.
Осылайша, қабылданған заң тұрақты экономикалық өсу, халықтың әл-ауқатын орта мерзімді перспективада жақсарту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін қаржылық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ, ол бюджет тапшылығын одан әрі азайту және Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін жағдайлар жасайды.
Құжатпен жұмыс істеу барысында депутаттар 2027 жылы Президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталған түзетулерді қолдады, соның ішінде:
– 114,1 млрд теңге – Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жарияланған бастамаларын іске асыруға, соның ішінде ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруге, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және орта білім беру саласына жасанды интеллектті енгізуге;
– 101,5 млрд теңге – Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға, соның ішінде Сәтпаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын жүргізуге және «Балқаш» АЭС жобасы бойынша геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге.
Сонымен қатар, 135,5 млрд теңге қаражат республикалық бюджеттің тиімділігі мен сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар арасында өзара қайта бөлінді.