Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, экс-прокурор Айжан Аймағанова өзінің депутаттық өкілеттігін бастағалы бері атқарылған жұмыстары бойынша оқырмандарына есеп беріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгінгі таңда халық қалаулысы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамында қызмет етіп жатыр. Ол өзінің алғашқы жұмыс күндерінде заң жобалары бойынша жуырда жұмыс тобының отырысын өткізіп, бірнеше заңнамалық бастамаларды талқылауға белсене араласқанын жеткізді.
Сонымен қатар депутат екі апта ішінде 18-ге жуық азаматты жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдағанын және бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өтті. Аймағанова өз сөзінде жылдар бойы өзіне қолдау білдіріп келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен азаматтарға ерекше алғысын білдірді.
«Сондай-ақ, осы жылдар ішінде азаматтар мен журналистер тарапынан үнемі зор қолдауды сезініп келгенімді атап өткім келеді. Бүгін маған осындай мүмкіндіктің бұйыруына сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор деп білемін. Әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын! Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Алайда мен үшін ең бастысы — сіздердің сенімдеріңізді ақтау», — деді Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова.