Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екі бала әкесіз қалды»: Зауытта қаза тапқан чемпион Әділ Тілектеске қатысты тың дерек айтылды (ВИДЕО)

17:04, 16 қыркүйек 2026

Шымкенттегі керамикалық плитка шығаратын зауыттардың бірінде орын алған қайғылы оқиғадан кейін 28 жастағы белгілі балуан Әділ Тілектестің өліміне қатысты жаңа деректер анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұм спортшының есту қабілеті зақымданған болып, үшінші топтағы мүгедектігі болған. Оның жұбайының да есту қабілеті бұзылғандықтан, ерлі-зайыптылар өзара ым-ишара тілінде қатысып келген. Артында екі кішкентай бүлдіршін қалды, олардың үлкені таяуда төрт жасқа толса, кішісі бар-жоғы бір жаста. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, оқиғадан кейін спортшы жұмыс істеген компания өкілдері қаралы отбасыға келіп кешірім сұрағанымен, бүгінгі күнге дейін тиісті өтемақы төленбеген.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 12 қыркүйекте орын алған болатын. Жұмыс барысында марқұмды электр тоғы соғып, салдарынан ол биіктіктен құлап қаза тапқан. Полиция департаменті оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Қала аумағындағы кәсіпорындардың бірінде жұмысшының қаза табу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі басқа деректер жария етуге жатпайды», - деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаментінің өкілдері.

Марқұм Әділ Тілектес грек-рим және еркін күреспен айналысып, есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында ел намысын қорғаған. Ол 2018 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан Спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетсе, 2019 жылы Қостанайда 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медальді қанжығасына байлаған болатын. Биылғы жаз мезгілінде де боз кілемге шығып, жарыстарға қатысып жүрген спортшы осы қайғылы оқиғаға дейін қолданыстағы чемпион ретінде тіркелген еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар