Павлодар қаласындағы №5 мектептің маңында "Дала Қырандары" республикалық жастар ұйымының Павлодар бөлімшесі Семей, Қарағанды, Қосшы, Теміртау және Астана қалаларынан келген еріктілермен бірлесіп кезекті рейд өткізді. Бұл шара – өңірлік бөлімшеге қолдау көрсетіп, павлодарлық жастарға серіктестік көмек беруді көздеген бастама, деп жазады Alash.kz.
Қыркүйек айында дәл осы аумақта өткен тексеріс кезінде "Дала Қырандары" оқу орнының жанында есірткі сату және қолдану деректерін анықтаған болатын. Сол себепті ұйым мүшелері 5 қазан күні тағы да сол жерге барып, аумақты тазалау және бақылау жұмыстарын жүргізді. Акцияның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғам назарын есірткі мәселесіне аудару болды.
"Дала Қырандары" бұл іс-шараны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Заң және тәртіп" тұжырымдамасына сәйкес ұйымдастырды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, синтетикалық есірткілер – қазіргі жастарға төнген ең қауіпті қатерлердің бірі. Сондықтан олар бұл бағыттағы күресті бір реттік шара емес, жүйелі жұмыс ретінде қарастырады.
Рейдтен кейін қатысушылар заңсыз айналымға қатысы бар заттарды өртеп, аумақты толық тазалады. Шараға қатысқан жастар мен тұрғындар елдің әр аймағынан бірігіп, ортақ мақсат жолында жауапкершілік танытты.
"Павлодар қалалық бөлімшесі Лермонтов көшесін өз бақылауына алды. Енді мұнда есірткі саудасымен және оны тұтынумен байланысты адамдардың болмауын қатаң бақылауда ұстаймыз", – деді "Дала Қырандары" Павлодар бөлімшесінің жетекшісі Еламан Ерғантай.