Қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа және оның жиені Мадияр Қалменовке, видеограф Ұлан Нүсіпқожаға қатысты тағы бір қылмыстық іс бойынша тергеу басталды, деп жазады Alash.kz.
Бұл туралы адвокат Айман Омарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету фактісі бойынша қозғалған.
Қорғау тарапы жаңа тергеу туралы үш фигурант Алматыдан Астанаға этаппен жеткізілгеннен кейін білген.
Әзірге тергеу нақты қандай эпизодты қарастырып жатқаны, қандай мүлік туралы сөз болып отырғаны және мемлекетке немесе басқа тұлғаға келтірілген болжамды залал көлемі белгісіз.
Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
Санжар Боқаев, Мадияр Қалменов және Ұлан Нүсіпқожа бұған дейін де басқа қылмыстық іс бойынша тергеуге алынған. Санжар Боқаев пен оның видеографы 18 наурызда ұсталған. Бұған дейін Бас прокуратура Боқаевты әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар үшін қойылым сипатындағы эпизодтарды ұйымдастырды, сондай-ақ аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп күдіктенетінін мәлімдеген.
Алайда қорғау тарапы тергеу нұсқасымен келіспейді. Адвокаттар әлеуметтік желідегі жарияланымдардың алдын ала қойылған көріністер болғаны туралы нұсқаны жоққа шығарып отыр.
Сонымен қатар қорғаушылар фигуранттар Астанаға этаппен жеткізілгеннен кейін тергеу изоляторындағы ұстау жағдайларына қатысты бірқатар мәселе туындағанын мәлімдеді.