Талай қазаққа таныс «Сағыныш сазы» әнінің айналасында дау туындады. Сонау 1990 жылдары хит болған туындыны сазгер Біржан Асқаров «менің төл туындым» деп шықты. Сазгер бұл әнді Талғат Жорабаевтың «көше әніне» айналдырғанына және өзіне құрмет көрсетпегеніне өкпелі, деп хабарлайды Alash.kz.
Авторлық құқығын былтыр ғана ресімдеген Біржан Асқаров туындыны 15 жасында, 36 жыл бұрын жауапсыз махаббатына арнап шығарғанын айтады.
Сазгер әннің шығу тарихы туралы:
«Бұл әнді жазғаныма 36 жылға кетіп бара жатыр. Қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданында училищеде бірінші курсқа барған кезімде жазғанмын. Бұл ән Гүлжазира деген қызға арналған ән еді. Өзіммен курстас, бухгалтерлік бөлімде оқыған қыз. Ал Хабиби дейтін жігіт те бір қызға ғашық болды, әннің екінші куплетін сол жазған. "Сағыныш сазы" болып, халықтың аузында солай аталып кетті. Бұл әнді ешқандай әншіге ұсынған жоқпыз. Мен өзім сол ауылда, жүрген жерімде айтып жүрдім», — деп еске алды.
Сондай-ақ орындаушы Талғат Жорабаевқа өзі хабарласқанын, бірақ оның сөзге құлақ аспағанын жеткізіп:
«2010 жылдары бір танысымнан телефон нөмірін тауып алып, сөйлесіп, өзім туралы айтып, танысып, басқа да әндерімді ұсынайын деп хабарласқам. Біржан Асқаровпын, сенің орындаған «Сағыныш сазы» әніңнің авторы болам, жолығып, кездесіп, сөйлессек деп айтқан едім. «Уақытым жоқ» деді. Сол маған ауыр тиді, көңіліме келді. Былай айтқанда, құрметсіздік көрсетті», — деп ренішін білдіріп, өтемақы талап етіп отыр.
Бұдан бөлек сазгер Қазақстан авторлар қоғамы да туындылары үшін соңғы тиынға дейін төлемегенін қоса айтты.
Ал бұл мәселеге қатысты әнші Талғат Жорабаевтың өз айтары бар. Оның сөзінше, композитор үнемі ішімдік ішіп алып түнде хабарласады және балағат сөздер айтады. Соз себепті ол Біржан Асқаровтың авторлығына күмәнмен қарайды.
Әнші Талғат Жорабаев даулы жағдай бойынша:
«Бұл әннің авторын білмеймін. Кезінде ауыздан-ауызға, халық әні боп, баяғы халық әндері сияқты таралып жүрді ғой. Оны естіп алған енем: «Бұл әнді мен де айтатын едім ғой кезінде, қалай ол авторы қазір пайда бола қалады?» дейді. Бір жағынан күмәнданам, нақты дәлелдесін осы ән екенін. Дәлелдеп болғаннан кейін мен өзімнің айтатынымды айтамын. Баяғыда Сәбит продюсеріміз болды ғой, кезінде, жездем болды. Сәбит Бағлан Омаров ағамыз арқылы 300 доллар беріп жіберген екен. 300 доллар алған екенсіз кезінде Бағлан ағадан десем, «менің есімде жоқ» дейді», — деп жауап берді.
Осылайша, 90-жылдардан бері ел аузында айтылып жүрген танымал туындыға байланысты сазгер мен әнші әлі де бір байламға келе алмай отыр.