Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыс жүріп жатқан аймақтан 14 қазақстандықтың елге қайтарылғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп жазады Alash.KZ парталы
СІМ ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, әлеуметтік желілерде Қазақстанның 14 азаматы бүгін қақтығыс аймағынан шығарылып, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізіледі деген ақпарат тараған.
Kaz.nur.kz дерекөзі жазғандай, министрлік бұл мәліметті растамады.
«Сыртқы істер министрлігі аталған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді», – деді Жанболат Үсенов.
Оның сөзінше, бұл мәселе қоғам үшін ғана емес, Ресей аумағында жүрген азаматтарының тағдырын уайымдап отырған олардың жақындары үшін де аса маңызды.
Сондықтан СІМ өкілі тексерілмеген ақпаратты әлеуметтік желілерде таратпауға шақырды. Оның айтуынша, жалған мәліметтер азаматтардың туыстарын жаңылыстырып, орынсыз үміт тудыруы мүмкін. Сонымен қатар мұндай ақпарат Қазақстан азаматтарын елге қайтару бағытындағы ресми жұмыстарға кері әсер етуі ықтимал.
Министрлік Ресей тарапымен азаматтарды қайтару мәселесі бойынша әртүрлі деңгейде байланыс орнатқан. Жағдай СІМ-нің тұрақты бақылауында.
«Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми дереккөздер жариялаған ақпаратқа сүйенуге шақырамыз. Қазақстан заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», – деді СІМ ресми өкілі.
Бұған дейін не белгілі болды?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейдегі соғыс қимылдары жүріп жатқан аумаққа алдану арқылы барғанын айтқан бірнеше қазақстандықтың бейнеүндеуі тараған еді.
Олар өздерін қиын жағдайға тап болғанын айтып, Қазақстан билігінен көмек сұраған.
Осыдан кейін Сыртқы істер министрлігі азаматтардың өтініштері бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Ведомство олардың Қазақстанға оралуына қатысты Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.