Әлеуметтік желі қолданушысы, спортшы Айдарәлі Раманов қазіргі жастарға арналған интеллектуалды форматтағы танысу жобасын жасау идеясын ұсынды, деп жазды Alash.kz.
Оның пікірінше, бұрынғы «Қалаулым» жобасының орнына білімді, ғылым, IT, бизнес және өзге де салаларда жетістікке жеткен жастардың басын қосатын «Зияткер Қалаулым» атты жаңа форматтағы ток-шоу қажет.
Желі қолданушысы бұл ұсынысын өмірден алынған мысалмен байланыстырды. Оның айтуынша, шетелде білім алып, мансап құрған танысы өзімен өмірлік көзқарасы мен қызығушылықтары сәйкес келмейтін азаматқа тұрмысқа шыққан. Соның салдарынан ерлі-зайыптылар арасында ортақ әңгіме мен түсіністік қалыптаспай, қарым-қатынаста қиындықтар туындаған.
Сондай-ақ автор жоғары білімді, кәсіби тұрғыдан қалыптасқан, алайда әлі отбасын құрмаған жастардың көп екенін айтып, олардың бір-бірін табуына ықпал ететін алаң қажет деген пікір білдірді.
- Бұны неге айтып отырмын? Кеше кешке бір таныс қыздың оқиғасын естіп, шыны керек, ішім ашыды. Өзі шетелде оқып келген, екі тілде судай сөйлейді, қалада жақсы жерде карьера жасап жүрген қыз еді. Бірақ тұрмысқа шыққан жігіті мүлдем басқа әлемнен болып шықты. Ауылда ата анасының қасында, ешқандай жоғары білімі жоқ, алға қойған мақсаты немесе өмірге деген амбициясы мүлдем бөлек. Қазір араларында ешқандай ортақ әңгіме де, түсіністік де жоқ. Сөйлесейін десе, жігіт оның деңгейін түсінбейді. Қыз байғұстың қанаттары қиылып, бүкіл потенциалы үйде көміліп бара жатқан сияқты. Жай ғана былайғы өмірде ортақ тема жоқ.
Ал екінші жағынан қарайсың, айналамызда қаншама жоғары білімді, мәдениетті, еңбекқор ақылды жігіттер жүр. Жастары отыздан асса да әлі бойдақ. Бір-біріне лайық адамдар неге жолықпайды? - деп жазды ол.
Ол мысал ретінде Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Юдің білімді жастарды таныстыруға бағытталған бастамаларын атап өтіп, мұндай жоба қоғамдағы жастарға оң үлгі бола алатынын жеткізді.
Желі қолданушысының ұсынысы әлеуметтік желіде пікірталас туғызып, оқырмандар арасында түрлі көзқарасқа себеп болды.