Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт болашағы - ана тілінде: Бірінші сынып оқушыларының 71%-ы қазақ тілінде білім алуды таңдады

10:20, 12 тамыз 2026

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады, деп жазады Alash.kz.

Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданды.

«Қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.

Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, тағы 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді»,- делінген хабарламада.

Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде.   Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады.

Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады.

Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында - 50 мыңнан астам, Алматы облысында - 35 мыңнан астам, Астанада - 33 мың, Алматыда - 31 мыңнан астам және Шымкентте - 29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар