Әлеуметтік желіде дінге қатысы бар азаматтарға ескерту сипатындағы хабарламалар келіп жатқаны туралы жазбалар таралып, қызу талқылануда. Бұл туралы Alash.kz жазды.
Threads әлеуметтік желісінде хиджабтағы бойжеткен өзіне телефон арқылы ескерту хабарламасы келгенін айтып, жазбаның скриншотын жариялаған.
«Сендерге де осындай ескертулер келіп жатыр ма?» деп сауал тастаған ол өзге дін ұстанушылардың да пікірін білгісі келген.
Жазба астында пікір қалдырған кейбір қолданушылар өздеріне де дәл осындай хабарламалар келгенін айтқан. Олардың арасында «бізге де келіп жатыр», «менің дінмен байланысым барын қайдан біледі?», «қажет болса, кімнің кім екенін анық біледі екен ғой» деген мазмұндағы пікірлер жазылған.
Әзірге бұл ескерту хабарламаларының нақты қай мекемеден және қандай мақсатта жіберілгені ресми түрде нақтыланбаған. Аталған жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі сауал туғызып отыр.
