Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Берген уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын". Ринат Зайытов үкімет басшысын сынға алды

09:34, 31 қазан 2024 473

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке қарата батыл сөз айтып, министрлер кабинетіндегілердің сөзі мен ісі қабыспайтынын ашық сынады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

Ulysmedia.kz депутат Ринат Зайытовтың сыны жайлы жазды. Бюджет мәселелері талқыланып жатқан парламенттегі отырысқа Олжас Бектенов, министрлер кабинетінің мүшелері келген. Оған Ринат Зайытов бірнеше мәселе бойынша сын айтты.

– Олжас Абайұлы, жалпы министрлер кабинетінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 400 жайлы мектеп салынуы керек еді. Оның саны 369-ға түсіп, 157-не әлі ақша жоқ болып отыр. 2024 жылдың сәуірінен бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге мөлшерін ұлғайту керек еді. Бұл да мемлекет басшысының тапсырмасы. Кеше экономика министрінің айтуынша, бұл да қозғалыстар жоқ. 2025 жылға дейін 95 пайыз жергілікті жолдардың бәрі жөнделуі керек еді. Бұл да іске асуы неғайбыл екеніне келісетін шығарсыздар. Тағысын тағы. Жетіп жатыр. Елге берген, бізге берген уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын. Осы орайда сұрақ: министрлер кабинетінде сөздің бәтуасының болмауының себебі неде? Сіздің осының алдын алу үшін қандай жоспарыңыз бар? – деп сұрады Ринат Зайытов.

Бектенов болса, үкіметтің жұмысын түсіндіріп, барлық үрдіс мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты.

– Үкіметтің жұмысы – мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған. Барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. Бюджетті қараған кезде 32 трлн теңгеге өтінімдер түсті. Бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ трлн теңге. Осы қаражаттың шеңберінде барлық жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Ары қарай экономикамызды дамытып, жоғары өндірілген тауарларды елде өндіруміміз керек, – деп қысқа қайырды Олжас Бектенов. 

Үкімет басшысы сол кезде ғана бюджетке кірістер түсіп, уәделер орындалатынын айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар