Айыпталушыларға азап көрсету фактісі тіркелмеді. Шерзат ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы тексеріс нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі кезінде айыпталушылар Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаев бастапқы жауаптарын азаптау арқылы бергендерін айтып, олардан бас тартқан болатын.
Нұрбол Тоқтаубаев полицейлердің өзін және басқа айыпталушыларды ұрып-соққанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, олардың басына пакет кигізіп, хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген.
Сонымен қатар Тоқтаубаев айыпталушыларды азаптағандардың қатарында марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың да болғанын айтты.
Кейін прокурор Ержан Құрақбаев жүргізілген тексеріс нәтижелерін оқып берді, онда айыпталушылардың айтқандары расталмағаны көрсетілген.
«Алматы облысы полиция департаментінің басшылығы ішкі тексеріс жүргізді, алайда ешқандай құқықбұзушылық анықталған жоқ», — деді Ержан Құрақбаев.