Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бәле болды... Ажырасуға дейін барады»: Жанар Айжанова өткір мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

17:33, 13 қазан 2026

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші әрі актриса Жанар Айжанова отандық тойлардағы торт кесу салтының кері әсері мен астарындағы кикілжіңдер туралы ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz.

«Айтарым бар» бағдарламасына қонақ болған өнер иесі соңғы уақытта қуанышты жиындарда тәтті тағамды үлестіру кезеңі үлкен дауға айналып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Жиі той басқарып, қуаныштардың ортасында жүретін өнер иесі бұл үрдісті қазіргі қоғамдағы ең жағымсыз әдеттердің бірі деп есептейді.

Қалыптасқан жағымсыз жағдайды қатаң сынға алған актриса:

«Әлеуметтік желіні ашсаң, торт деген бәле болды. Осы тортты бермесе екен деп ойлаймын. Тойда көп жүремін. Сол тортты берсе екен, “Екі жастың тәтті торты келе жатыр” деп ананың әке-шешесі жетіп келеді, мынаның әке-шешесі жетіп келеді. Торттың кесірінен қырғын болып, ажырасуға дейін барады. Торт жемей жүргендей, екі жастың тортына құрып кеткір!» — деп кесіп айтты.

Әнші бұл мәселенің тек отандық тойлармен шектелмейтінін, көптеген жерде осы тәттінің төңірегінде түсініспеушіліктер орын алатынын алға тартты. Осыған байланысты ол рәсімді орындаудың өзгеше, ырымға сай әрі реніш тудырмайтын балама жолын ұсынды.

Сөзін ары қарай жалғастырған Жанар Айжанова:

«Екеуі ауыз тисін де, даяшыға берсін, барлығымыз ауыз тиеміз. Әке-шешеге емес, ырым болсын, жұғысты болсын деп кішкентай баланы шақырып берсін. Жалғыз қазақ елінде емес, көп жерде торттың әңгімесі солай. Қазіргі заманның тозығы – тортты беру деп айтатын едім», — деп өз пікірін түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар