Ресей әскері қоршауға алған "Азовсталь" зауыты аумағында Украинаның 600-ге жуық жаралы жауынгері бар. Бұл жөнінде ұлттық телемарафон эфирінде 12-ші бригаданың командирі Денис Шлега хабарлаған.
"Оның сөзінше, 40-қа жуық жауынгердің жағдайы өте ауыр. Медицина құралдары мен дәрі-дәрмек жетпейді, жағдай қиын" деп жазады Азаттық радиосының Украина редакциясы.
Бұл ақпаратты 15 мамырдағы онлайн-конференция кезінде "Азовсталь" қорғанысындағы кейбір жауынгерлердің әйелдері Екатерина Прокопенко, Юлия Федосюк, Анна Науменко мен Дарья Цикуновалар да растады. Олардың сөзінше, қоршаудағы жауынгерлер күніне бір стакан ғана техникалық су ішеді, азық-түлік те таусылуға жақындаған. Ауыр жаралы жауынгерлер дәрі-дәрмек жетпей өліп жатыр, наркозсыз денесін кескен кездері болған.
Әйелдер қоршаудағы жауынгерлерді құтқаруға шақырды. Олар Түркияға барып, президент Ердоғанмен кездескісі келетінін, күйеулерін құтқаруға септесуді сұрағысы келетіндіктерін айтты.
"Настоящее Время" телеарнасы "Азов" полкінің (Украина Ұлттық гвардиясы құрамына кіретін оңшыл ерікті топ) жауынгері Дмитрий Козацкиймен байланысты. Жоғарыдағы ақпараттарды ол да растады. "Азық-түлік пен су әрі кеткенде бір аптаға жететін шығар. Бүгін түсте сұлының жармасын жедік, арасында аздап сәбіз болды. Күніне бір-ақ рет тамақтанамыз", – деді Козацкий.
Дмитрий Козацкий сөзінше, қазір ұрыс қимылдары зауыт аумағында жүріп жатыр. "Жау ауыр артиллериясымен атып, танкі мен авиациясын қосып жатыр. Біздің жауынгерлерлер барлық шабуылды тойтарып отыр", – деді "Азов" солдаты.
"Азовсталь" металлургия комбинаты – Украина әскерінің Мариупольдегі соңғы тірегі. Қаланың басым бөлігін Ресей әскері бақылауына алған.
Украина зауыт қорғанысындағы жауынгерлерін эвакуациялауға тырысып отыр. Тіпті олады үшінші елге жіберуді де ұсынып көрді. Мұндай ұсынысты Түркия да айтқан. Алайда Ресей "олар берілуге тиіс" деп санайды. Қазір ауыр жараланғандарды Ресей тұтқындарымен айырбастау жөнінде келіссөз жүріп жатыр.