Атыраудағы Ломоносов мектебінің ұжымы жаңа әкімнен мектеп құрылысын бастауды сұрады, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Атырау қаласындағы М. Ломоносов атындағы мектептің ұстаздары жаңадан тағайындалған облыс әкімі Болат Ақшолақовқа жаңа мектеп ғимаратының құрылысын бастауға қолдау көрсетуді сұрап үндеу жасады.
Мектеп ұжымының айтуынша, ескі ғимарат бұзылғанымен, жаңа нысанның құрылысы әлі күнге дейін басталмаған. Соның салдарынан оқушылар мен мұғалімдер қолайсыз жағдайда білім алып, жұмыс істеуге мәжбүр.
«Мектеп ұжымы заманауи әрі қауіпсіз жаңа білім ордасының құрылысы жақын арада басталады деп үлкен үміт күтеді. Бұл балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасауға мүмкіндік береді», – дейді педагогтер.
Ал облыс әкімдігі «Ақ Жайық» басылымына қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар мектеп салынатын жер теліміне қатысты құжаттар рәсімделуде. Мемлекеттік акт алынғаннан кейін ғана жобаны іске асыру жұмыстары жалғасады.
Ломоносов атындағы жаңа мектептің құрылысы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Жоспар бойынша, ескі ғимараттың орнына 900 орындық жаңа мектеп салынуы тиіс.
Бұған дейін облыстық білім басқармасы құрылыстың кешеуілдеуін жер телімдерін мемлекет қажеттілігіне алу, меншік иелерімен келіссөздер жүргізу және сот рәсімдерінің ұзаққа созылуымен түсіндірген болатын.
Еске салсақ, 17 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Болат Ақшолақовты Атырау облысының әкімі етіп тағайындады. Ол бұған дейін Энергетика министрі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы, Президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі – KAZENERGY қауымдастығының төрағасы болды.