Талғарда төбелес кезінде ұлынан айырылған Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова халықтан не үшін ақша жинап жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Перизат Нұрымова ақша жиналып жатқанын растап, оның Қаржаубай Нұрымовқа қатысы жоғын айтты. Ол белсенді Димаш Қаматайдың парақшасы арқылы үндеу жариялады.
- Ақша жинауды бастауға балаларымның қауіпсіздігі себеп болды. Бұл жағдай басталғалы бері жеке өзіме қоқан-лоқылар жасалды. Оны құзырлы органдарға арыз жазып, тексеріске жіберген болатынмын. Қазір балаларымның қауіпсіздігін ойлағым келеді. Менде пәтерді жалдап тұруыма мүмкіндігім жоқ. Мен пәтерді жалдап алу үшін келісімшарт жасаймын. Пәтерін жалға беретіндер мені көрген кезде, алты балам барын естіген кезде келісім бермейді. Осы күнге дейін ата-анаммен бірге тұрдым. Мен өзімнің балаларымды алып, бөлек шыққым келеді, – дейді Перизат Нұрымова.
Дінмұхамед Қаматай Перизат Нұрымованың баспанасыз жүру себебін түсіндірді.
- Отбасының баспанасыз болу себебі – 2018 жылы үй кезегіне тіркеліп, 1421-ші орында болған. 2020 жылы 258 орынға жылжыған. 2022 жылы тізімнен шығып қалған. Отбасы қайтадан тіркеліп, 1078 орында тұр, – дейді ол.
Оның сөзінше, қазақстандықтар кейінгі екі күннің өзінде екі миллионнан аса қаражат жинап берген екен.