Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Спорт шекара талғамайды, мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. 6 мыңнан астам адам сиятын Жеңіл атлетика кешені – осының айқын дәлелі» деген сөзі біздің әңгімемізге тұздық.
Ал Президент бастамасын Астана әкімі Жеңіс Қасымбеков те үнемі қолдап отырады. Бас қаладағы спортпен айналысатын қала тұрғындарын спорттық залдармен қамтамасыз ету, спорттық жабдықтармен қамту, жағдай жасау сияқты нақты жұмыстардың артында үнемі қала әкімі тұрады.
Сонымен, Астана қаласындағы дене шынықтыру және спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен атқарылатын шаруаларға тоқталып, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтан сұхбат алған едік.
–Самат мырза, спорт денсаулық кепілі дейміз. Астана тұрғындары арасында спортпен айналысатын азаматтардың үлес салмағы қанша? Қала тұрғындарының спортқа деген көзқарасы қалай?
–Жыл басындағы мәлімет бойынша, 406 мың Астана тұрғыны тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады екен. Бұл жалпы қала тұрғындарының 30 пайызы деген сөз. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 35 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Спортпен ешкімді мәжбүрлеп айналыстыра алмайсыз. Спортпен айналысу әркімнің өз еркі. Ал Астана тұрғындарының спортпен, дене шынықтырумен айналысуға деген белсенділігі жыл сайын артуда. Өйткені күн өткен сайын спорттың пайдасына халықтың көзі жетіп отыр. Спорт денсаулық кепілі ғана емес, спорт өмір сүрудің салты екенін ұғынды.
–Астана қаласында жыл басынан бері қандай спорт түрлерінен жарыстар өтті?
–Күн сайын деп артық айтудан аулақпын. Бірақ Елорда төрінде апта сайын жарыс өтіп тұрады. Қазір сізге мамыр айындағы бірнеше спорт түрінен өткен жарыстарға ғана тоқталайын.
Мәселен, жуырда ғана Триатлон саябағында желаяқтар арасында аламан өтті. «Жеңіс күніне» орай ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан эстафета болды. Жарысқа жалпы саны 700-ге жуық мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындары студенттері қатысты. Жарысты Астана әкімді, оның ішінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Одан кейін, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті. Турнир 20 жасқа дейінгі балуандар арасында сарапқа салынды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев сөз сөйледі. Ол жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Үшкемпіровтың өмірдегі, спорттағы жолы бәрімізге үлгі болатынын айтты. Жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Израильдің ең үздік деген балуандары келді. 10 салмақ дәрежесі бойынша 164 палуан өзара бәсекелесті. Мен сізге бір айдағы ең үлкен, ауқымды спорттық шараларға ғана тоқталдым.
–Астана қаласында қандай спорт түрлерін дамыту қолға алынуда?
–Астанада «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл аталмыш спорттық жоба Астананың бірнеше спорт залында жүзеге асырылуда. Жоба бойынша спорттың алты түрінен сабақтар өтеді. Мәселен, фитнес, скандинавиялық жүріс, каратэ және жүгіру, тоғызқұмалақ пен үстел теннисі бар. Осы спорт түрлерін дамыту және жалпыластыру бойынша Астанада арнайы жоба қолға алынды. Спорттық жоба бойынша аталған 6 спорт түріне 5 мыңға жуық Елорда тұрғыны қатысуда.
Осы орайда айта кетейік, Астанада 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Одан бөлек, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекциясы жұмыс жасайды. Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы да өз жұмысын қарқынды жүгізуде. Алматыдағы сияқты біздің қаламызда да олимпиадалық резервті даярлау орталығы ашылған. «Дәулет» спорт кешенінің де жұмысын айта кеткен дұрыс шығар. Астана қаласы бойынша дәл қазіргі уақытта 113 түрлі спорт қолға алынған. Оның ішінде 36 спорт түрі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған. Елордамызда 28 аула клубы жұмыс істейтінін де ескерте кетейін. Одан сырт әлеуметтік осал топтардан үш мыңнан артық бала спорттың кез келген түрінен тегін білім алып, спортпен айналысуда. Осының бәрі мемлекеттің дамуы, ұлттың болашағы, Астананың гүлденуі үшін жасалып жатқан жұмыстар.
Әңгімелескен – Кемел ЖАН