Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әскери сержант пирамида құрған» - Атыраудағы алаяқтық ісі бойынша сұмдық мәлімет анықталды

17:12, 31 желтоқсан 2025

Атырау облысының тұрғындары қаржылық пирамиданың құрбаны болып, алаяқтардың арбауымен 55 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл заңсыз схеманы америкалық Harmony Rider Technology (HRT) компаниясының өкілдері ретінде таныстырған әскери бөлімнің екі сержанты ұйымдастырған, деп мәлімдейді Alash.kz.

Қылмыстық іс материалдарында алаяқтық схеманың қалай жұмыс істегені егжей-тегжейлі сипатталған. Ұйымдастырушылар азаматтарды Еуропа мен АҚШ-та электр самокаттарын жалға беру бизнесіне инвестиция салу арқылы жоғары табыс табуға болатынына сендірген. Пирамида тоғыз деңгейден тұратын күрделі жүйе ретінде құрылып, салымдар USDT криптовалютасымен қабылданған.

Іс материалдарында көрсетілгендей: «HRT пирамидасы тоғыз деңгейден тұратын көпсатылы инвестициялық жүйе ретінде құрылып, әр деңгейде белгілі бір USDT криптовалютасында қаражат салу қажет болған. Салымшының осы қаражат үшін Еуропа мен АҚШ елдерінде электр самокаттарды жалға беру процесін онлайн бақылауға мүмкіндігі болған. Минималды салым сомасы 350 доллар болса, ең жоғарғы 9-шы деңгейдегі салым 35 мың долларға жеткен».

Алайда, нақты іс жүзінде компания ешқандай кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған, ал төлемдер тек жаңадан келген қатысушылардың жарналары есебінен жүзеге асырылып отырған. Аталған құрылым еліміздің алты өңірінде, соның ішінде Астана мен Алматы қалаларында да белсенді жұмыс істегені анықталды.

Қазақстан Әскери сотының судьясы Галия Алипанова оқиғаның мән-жайын былай деп түсіндірді: «Атыраудағы HRT ұйымының құрылымдық бөлімшесіне 21642 әскери бөліміне қарасты екі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын сержант жетекшілік еткен. 2024 жылғы тамыздан желтоқсанға дейін Атырау облысының 69 тұрғыны қаржылық пирамиданың ішіне 55 миллион теңгеден астам қаражат салған. Ал әскери қызметшілер салымшылардың қаражаты есебінен 5,5 миллион теңге көлемінде бонустар алған».

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының шешімімен екі сержант қаржылық пирамиданы құрғаны және басқарғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен олар 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталушылар зардап шеккен азаматтарға келтірілген материалдық шығынды толық көлемде өтеуге міндеттелді. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар