Ақтөбеде 69 жастағы тәжірибелі нефролог, көпшілікке белгілі дәрігер Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Оның әріптесі, 31 жастағы Нұрсұлтан Шаймерденов кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп Alash.kz ұлттық порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.
Сот үкіміне сәйкес, Шаймерденов Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлімі 8-тармағы (адам өлтіру) және 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (ұрлық) бойынша кінәлі деп танылды.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағы бойынша 16 жыл, 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жыл 8 ай, түпкілікті 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. А. Айсағалиевтің атынан берілген азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылсын. Сотталушы Нұрсұлтан Шаймерденовтен 2 837 321 теңге, заңды өкілінің шығыны ретінде 3 млн теңге, моральдық шығын 10 млн теңге өндірілсін", – деді судья Жәнібек Сейтжапаров.
Сот сонымен қатар марқұмның мүлкін туыстарына қайтаруды міндеттеді. Оларға 4,48 млн теңге, 50 еуро, сағат және алтын бұйымдар табысталмақ.
Тергеу деректері бойынша, қайғылы оқиға 2025 жылдың 24 мамырында болған. Айыпталушы мен жәбірленуші бір клиникада бірнеше жыл бірге жұмыс істеген. Шаймерденов дәрігердің жалғыз тұратынын және оның банк шотында ірі қаражат бар екенін білген.
Қылмыс жасалған күні ол дәрігерді бірнеше рет пышақтап, балтамен ұрған. Соққыдан дәрігердің жүрегі мен өкпесі зақымданып, қан жоғалтқаннан көз жұмған. Кейін айыпталушы мәйітті мұздатқышқа салып жасырған, ал үйінен банк картасы, телефон, ноутбук пен планшет ұрлап кеткен.
Тергеу мәліметінше, ол Pinduoduo сайтынан сатып алған силикон маска киіп, марқұмның атына тіркелген банк есепшоттарынан 5,2 миллион теңге шешіп алған.
Мұздатқышты айыпталушы жүк көлігімен жертөлеге апарған. Тасымалдаушылар жүктің ішінде не бар екенін білмеген, өйткені ол мұздатқышты скотчпен мықтап орап қойған.
Дәрігердің денесі 30 мамыр күні табылды. Сотта Шаймерденов өз кінәсін толық мойындады. Прокурор сот жарыссөзінде оған 20 жыл түрме жазасын сұраған болатын – сот дәл осы үкімді бекітті.