Ресейге жұмыс істейміз деп барып, соғыс аймағынан бір-ақ шыққан қазақстандық азаматтардың елге аман-есен оралуына байланысты белгілі «Халық заңгері» Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Соғыс өрті тұтанған аймақтан аман оралған отандастарымыздың қуанышын жеткізген заңгер елге қайтудың оңайға соқпағанын, оның артында үлкен үміт пен күрес тұрғанын атап өтті. Мейірман Шекеев өзінің ағынан жарылған толғанысын төл сөзімен былай деп баяндады:
«Бұл қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көңіл толқығанда не айтарыңды да білмей қалады екенсің... Әуелі Алла, одан соң әрине Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің осы істе атсалысқан әрбір өкіліне және осы балалардың елге аман-есен оралуына титтей де себепші болған барша азаматтарға ата-аналардың атынан және өз атымнан шын жүректен алғысымды білдіремін. Осы балаларды менің бір ауыз сөзіммен күтіп алып, Мәскеу әуежайынан шығарып салған Гульмира қарындасым мен Қуандық ініме де рақмет. Бәрі-бәріне рақмет!», — деді заңгер Мейірман Шекеев.
Сондай-ақ, заңгер бұл оқиғаның тек қарапайым сапар емес, тұтас отбасылар үшін үлкен сынақ пен тағдырлы сәт болғанына ерекше тоқталды:
«Бұл — жай ғана қайту емес. Бұл — ата-ананың көз жасы, отбасының үміті, баланың, Қазақстан азаматтарының елге оралуы. Осы балалардың әрқайсысы бүгін өз жерінде, өз елінде, өз ата-анасының жанында. Аллаға сансыз шүкір. Кейде ризашылықты сөзбен жеткізу мүмкін емес екен... Жүректе тек қуаныш. Жүректе тек шүкіршілік. Жүректе тек алғыс. Алла баршаңызға разы болсын!», — деп түйіндеді ол.
Сонымен бірге, ұзақ уақыт бойы ауыр психологиялық әрі физикалық қысымды бастан өткерген отандастарымыздың ахуалын ескере отырып, Мейірман Шекеев еліміздің құзырлы органдарына, соның ішінде Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы үндеу тастады:
«Балалар естерін жиғанша біздің құзырлы органдар мазаламай тұрсаңыздар екен», — деп өтініш білдірді «Халық заңгері».
Қазіргі таңда аман-есен туған жеріне оралған азаматтар отбасыларының жанында, олардың заңды құқықтары мен қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген.