Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Енді мерзімді қызмет екіге бөлінеді!». Әскери реформа: Қазақстан армиясында ауқымды өзгерістер басталды

11:59, 22 қазан 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында отандық қорғаныс саласын түбегейлі қайта құруға бағытталған жаңа Әскери реформа жоспары бекітілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Қабылдаған құжат ел қарулы күштерін заманауи, ұтқыр және технологиялық тұрғыдан озық армияға айналдыруды көздейді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева таныстырған жаңа жоспар армияның ішкі құрылымын айтарлықтай өзгертеді. Сарбаздардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау үшін Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл сияқты жаңа институттар құрылмақ. Сонымен қатар армияда жарғыға сай келмейтін әрекеттердің жолын кесу шаралары еселеп күшейтіледі.

Реформа аясында жеке Ұшқышсыз жүйелер күштері жасақталып, Қарулы Күштердің жалпы құрылымы мен басқару тетіктері қайта қаралатын болды. Ал мерзімді әскери қызмет өтеу жүйесі енді екі кезеңнен тұрады: сарбаздар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, қалған алты айда безге дерлік тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік міндеттерді орындайды. Сондай-ақ «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық жүйесі дамытылып, мамандандырылған әскери мектептер желісі де кеңейтіледі.

Өз кезегінде Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әскер қатарындағы тәртіп пен қоғамның армияға деген сенімін арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегияның қабылданатынын баяндады.

Жиын барысында Президент қорғаныс саласындағы басқаруды, кадр саясатын, білім беруді және технологиялық жарақтандыруды толығымен жаңартуды жүктеді. Осыған орай Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы осы жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Жоспарға сәйкес, ұйымдастыру шаралары биылғы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық міндеттер келесі жылы іске асырылады. Әскери қауіпсіздік бүкіл мемлекетке ортақ міндет екенін ескерте отырып, Тоқаев барлық мемлекеттік органдардан үйлесімді жұмыс істеуді талап етті. Жоспардың толық әрі уақтылы орындалуын бақылау Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне тапсырылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар