Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Наташа Қалымбетова үш онжылдық бұрын басынан өткен сұмдық оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін АҚШ-қа барып, ДНҚ сараптамасын жасатуды қолға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Азаматшаның сөзінше, 30 жыл бұрын оны өз ауылдасы болып келетін төрт ер адам зорлап кеткен. Сол сұмдық оқиғадан кейін өмірге келген қызын уақыт өте келе шетелдік отбасы асырап алып, Америка Құрама Штаттарына алып кеткен. Мұхиттың арғы жағында тұрып жатқан сол қызы анасына генетикалық сараптамадан өту туралы өз ұсынысын білдірген.
Бүгінде Наташа Қалымбетова АҚШ-та өтетін бұл сараптама нәтижелері көптен бері сотқа жеткізе алмай жүрген ісіне соны серпін беріп, бұлтартпас жаңа дәлелдер ұсынуға көмектеседі деп үміттенеді.
Он жеті жасында орын алған ауыр қасіретті енді жасырып-жаппайтынын айтқан тұрғын өзіне қиянат жасағандарды заң алдында жауапқа тартуға бекініп, өз жанайқайын былайша жеткізді:
«Енді аямаймын! Түрмеге шірітемін, хайуандар! Кішкене қалды! 32 жыл қиналдым енді сендерді қиналтамын!», – деп мәлімдеді Наташа Қалымбетова.
Осылайша, өз басынан өткен сұмдық жайт туралы енді үнсіз қалмайтынын білдірген азаматша әділдік орнағанша аяғына дейін күресетінін нық баса айтты.