Құрылтай депутаты, экс-оқу-ағарту министрі әрі оқытушы Асхат Аймағамбетов заманауи жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған шақта студенттерді оқыту мен олардың білімін бағалаудың өзекті мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қоғам қайраткері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында дәстүрлі форматқа оралып, студенттерге дәріс үстінде қолмен бақылау жұмысын жаздырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, заманауи цифрлық құралдардың мүмкіндігі шексіз болғанымен, білім алушының жеке ойлау қабілетін таразылау маңыздырақ.
Асхат Аймағамбетов оқу үдерісіндегі бұл шешімі мен оның ерекшелігін төл сөзімен былайша баяндады:
«Бүгін аудиторияда қалам мен қағазға кезек бердік. Студенттерім бақылау жұмысын сабақ үстінде қолмен жазды. ChatGPT-дің мүмкіндіктерін жақсы білеміз. Ал студенттің өзі не үйренгенін, қалай ойлайтынын түсіну маңызды», – деді депутат.
Сонымен қатар ол бұл тәсілдің оқытушы үшін белгілі бір дәрежеде қиындық тудыратынын да жасырмады. Дәстүрлі жазбаша жұмыстарды тексеру біршама уақыт пен мұқияттылықты талап етеді:
«Бір сабақтың уақытын осыған арнадық. Енді жұмыстарды тексеруге бірнеше күн керек: әркімнің жазуын ажыратып, ойы мен дәлелдерін мұқият оқып, әділ бағалау оңай емес», – деп ағынан жарылды оқытушы.
Жасанды интеллект пайда болғалы бері білім беру саласының алдында үлкен сұрақтар тұрғанын жеткізген экс-министр заманауи сын-қатерлердің мәніне тоқталды. Оның пайымдауынша, дайын ақпарат қаптаған заманда өз бетінше пайымдай білу дағдысы бірінші орынға шығады:
«ЖИ шыққалы «қалай оқытамыз, қалай бағалаймыз?» деген сұрақтарға жиі ораламын. Қолмен эссе жаздыру мен ауызша жауап алу барлық мәселені шешпейтіні түсінікті. Бірақ бір нәрсе анық: дайын жауаптар заманында өз бетінше ойлай білудің маңызы арта түседі», – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.