Әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, біреуді қаралап жүргендер енді жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды. Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман АҚШ-та тұратын қазақстандық досымен бірге фейк аккаунт иелерін анықтайтын жаңа платформа жасап жатқанын сүйіншіледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Айманның айтуынша, бұл жобаның идеясын жүзеге асыру үшін оның IT саласындағы досы бір ай уақыт сұраған. Қазiргi таңда әзірленген цифрлық платформаның дайын болғанына екі айдан асып барады. Бұрын мұндай жүйелерді тек заң аясында арнайы мамандар қолданса, енді бұл сервис көпшілікке ашық әрі қолжетімді қызмет ретінде ұсынылмақ.
Көптен бері әзірленіп жатқан бағдарламаның мүмкіндіктерін баяндаған Айман жобаның негізгі мақсаты мен қызметін төл сөзімен былайша түсіндірді:
«Бұл платформа әлеуметтік желіде жалған парақшамен біреуді қаралап, жала жауып жүргендерді анықтауға көмектеседі. Қызмет ретінде ұсынамыз. Біреу сізге жалған парақшадан жазып, қараласа, оның қай қалада тұратынын, электрондық поштасын, телефон нөмірін және басқа деректерін анықтап береміз. Содан кейін сол дәлелдермен сотқа жүгіне аласыз», — деп жазды Айман.
Ол өз сөзінде отандық IT мамандардың әлеуетін жоғары бағалап, желіде өзгені тілдегісі келетіндерге ескерту жасауды да уақытылы жөн көрді. Оның айтуынша, цифрлық заманда жасырынып қалу мүмкін емес:
«Қазақтың білімді жігіттері жердің қай түкпірінде жүрсе де жетерлік. Адам ойлап тапқан нәрсені адам жасай алады. Сондықтан біреуге бірдеңе жазбас бұрын жақсылап ойланған жөн», — деп түйіндеді ол.
Дегенмен, жоба авторлары заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған бұл платформаның нақты қашан ресми түрде іске қосылатынын және жеке деректерді қандай алгоритм арқылы іздеп табатынын әлі ашып айтқан жоқ.