Ресейдегі әскери арнайы операция (СВО) жағдайына тап болған Қазақстан азаматтарына қатысты маңызды құқықтық шешім қабылданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы «Халық заңгері» Мейірман Шекеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, күрделі жағдайға тап болған отандастарымыздың алғашқы легі енді Атамекеніне еш кедергісіз орала алады.
Заңгер осы қуанышты хабарды жеткізе келе, мемлекет басшылығы мен тиісті ведомстволарға ата-аналар атынан ризашылығын білдіріп, былай деп жазды:
«Осы маңызды шешімге ықпал еткен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, азаматтарымыздың елге оралуына атсалысқан Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне және барлық құзырлы мемлекеттік органдарға ата-аналар атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ қиын сәтте қолдау көрсетіп, азаматтарымыздың тағдырына бейжай қарамаған барша жанға ризашылығымызды білдіреміз. Ең басты тілегіміз — балаларымыздың елге аман-есен оралып, туған-туыстарымен қауышуы», — деді Мейірман Шекеев.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта 13 қазақстандық азамат әскери міндеттен толық босатылып, олардың заңды түрде елге қайтуына барлық мүмкіндік жасалған.