Әлеуметтік желіде колледж ғимаратында түсірілген бейнероликке қатысты туындаған қоғамдық даудан кейін белгілі әнші Дильназ Ахмадиева мен жобаның креативті продюсері Салауат Жұмабаев ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қоғам арасында қызу талқыға түскен роликте әнші оқу орнының ішінде мұғалім образына ұқсас киіммен көрінген болатын. Кейбіреулер бұл бейнені білім саласын келемеждеу және мұғалім образын шектен тыс сексуалдандыру деп қабылдап, оқу орны директорының қызметтен кетуі мүмкін екені туралы сөз қозғаған еді.
Осы орайда түсірілім алаңы мен сценарийге қатысты ұйымдастыру жұмыстарына жеке өзі араласпағанын жеткізген Дильназ Ахмадиева түсірілім үдерісін былай деп түсіндірді:
«Мен жалпы түсірілімнің қай жерде өтетінін егжей-тегжейлі білмеймін. Артист ретінде менің командам бар: продюсерлер, операторлар, режиссер, жарық пен дыбыс мамандары жұмыс істейді. Маған не істеу керегін айтады, мен соны орындаймын», – деді өнер иесі.
Сондай-ақ, ол желідегі киіміне қатысты айтылған сынға жауап беріп, өзінің артық ештеңе кимегенін алға тартты:
«Үстімдегі жейде мойныма дейін жабық. Юбка ұзын, тек тілігі бар. Бұл қысқа юбка емес. Сондықтан мұнда соншалықты шу шығаратындай не барын түсінбеймін. Маған ұстаздар жазады. “Мен мұғаліммін, видеоларыңыз ұнайды” дейді. Меніңше, мұндай әзіл видеоға мемлекеттік органдар деңгейінде сонша назар аударудың қажеті жоқ. Елде айналысатын әлдеқайда маңызды мәселелер бар», – деп өз ренішін білдірді Дильназ Ахмадиева.
Даудың ең негізгі түйіні – оқу орны жетекшісінің жауапкершілігіне қатысты болып отыр. Осы ретте әнші бір әзіл ролик үшін директорды қызметінен босатуды заңсыздық әрі әділетсіздік деп бағалап, қажет болса ресми мекемелерге дейін баратынын кесіп айтты:
«Бұл жерде кез келген колледж болуы мүмкін еді. Неге дәл осы адамды жазалау керек? Бұл әділетсіз. Адам осы колледжде өмір бойы директор болып жұмыс істесе, әзіл клип үшін оны қызметінен босату дұрыс па? Егер мәселе шынымен осыған дейін жетсе, мен Мәдениет министрлігіне де, Оқу-ағарту министрлігіне де жүгінуге дайынмын. Бритни Спирс мектепте клип түсіргенде оны қалыпты қабылдаймыз. Әрине, біздің менталитетіміз бар. Бірақ кейде әзілге де орын беруіміз керек шығар. Мұнда ешкім мұғалім мамандығын қорлаған жоқ. Бұл – шығармашылық», – деді ол.
Өз кезегінде жобаның туындау идеясы мен техникалық жағын баяндаған креативті продюсер Салауат Жұмабаев бұл роликтің әйгілі шетелдік әншінің туындысына жасалған пародилық сниппет екенін ашып айтты. Оның сөзінше, түсірілім кезінде колледждің нақты оқушылары кадрға қатыспаған және бұл жобаның жалпы бюджеті шамамен 2-3 млн теңгені құраған:
«Үш-төрт локацияда түсірдік. Соның бірі – Britney Spears клипіне пародия. Сол үшін колледжді таңдадық. Әлеуметтік желіге шыққан видео толық клип емес, арнайы түсірілген сниппет еді. Әзіл форматында жасадық. Бірақ жұрт оны екі түрлі қабылдады: бір бөлігі оқу орнын келемеждеу деп түсінді, енді бірі өнер, шығармашылық деп қабылдады. Біз ешкімді келеке ету үшін түсірген жоқпыз. Мұны пародия, өнер, шығармашылық ретінде қабылдауды сұрадық», – дейді продюсер.
Жоба авторлары Оқу-ағарту министрлігі тарапынан сұрақтар қойылғанын жасырмады. Шығармашылық топ өкілдері директордың тағдыры қыл үстінде тұрса, даулы материалдан бас тартуға әзір:
«Егер клипті өшіру керек десе, өшіреміз. Себебі бір адамның жұмысына зияны тиіп кетпесін дейміз. Қажет болса, қайта түсіреміз. Бір адамның қызметінен айырылғанын қаламаймыз», – деп толықтырды Салауат Жұмабаев.
Ал әншінің өзі өнер адамдарына мұндай қысым жасау дұрыс емес деп санайды:
«Біз адамдардың көңілін көтеріп, шығармашылық жасап жүрміз. Өнер адамын үнемі шектей берсеңіз, шығармашылық та, мәдениет те болмайды. Ал бәрі білім мен мәдениеттен басталады», – деп түйіндеді әнші.
Сонымен қатар, TikTok желісінде Дильназ Ахмадиеваның атынан тарап, үлкен талқы тудырған «Мен кешірім сұрамаймын» деген даулы аудиожазбаға қатысты да әнші өз түсініктемесін берді:
«Ол аудионың қайдан шыққанын өзім де білмеймін. Меніңше, командадағы жігіттер жасанды интеллект көмегімен жасаған болуы мүмкін. Бұл тректі насихаттау үшін түрлі хайп тәсілдері қолданылды. Бірақ мемлекеттік органдардан осындай реакция болады деп күтпедік», – деді Ахмадиева.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты құзырлы орындардың соңғы шешімі күтілуде.