Ақтөбе облысында орналасқан Дөң тау-кен байыту комбинатының (ТКБК) «Болашақ» шахтасында адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы жағдай 20 қазан күні кешке жақын, сағат 23:20 шамасында, тау-кен жұмыстарын жүргізу барысында болған.
Оқиғаның егжей-тегжейіне қатысты Дөң ТКБК баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады:
«Жұмысты орындау процесінде тау-кен массасының кесегі сылынып түсіп, төмен қарай құлаған. Нәтижесінде үңгуші Н. Б. Сисенбаев ауыр жарақат алды», – деп хабарлады Дөң ТКБК баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда кеншінің қаза болу себептері мен барлық мән-жайын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына өнеркәсіптік қауіпсіздік органдарының өкілдері енгізілді.
Арнайы тергеп-тексеру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, жиналған барлық материалдар процестік шешім қабылдау және болған оқиғаға құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына тапсырылатын болады.